Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік "Дарын" сыйлығының иегері, әнші Нұрлан Өнербай мемлекеттік Туға қатысты ойымен бөлісті.
Қазақта "шаңыраққа қара"- деген сөз бар. Осы сөздің толық мағнасын Түрік еліне барғанда ғана сезінгендей боласың. Қай қаласында, мейлі ол Анкара, Стамбул немесе туристерге арналған Анталия болсын, басыңды көтеріп оңға қарасаң да, солға қарасаң да қызыл туы желбіреп тұрады. Шаңырақтың кімдікі, кімнің елінде жүргеніңді бірден мойындайсың. Елін де, жерін де, мемлекетін де мойындатып, құрметтетудің үлгісі емес пе - дейді әйгілі әнші.
Сондай-ақ ол бұл мәселе біздің елде қандай күйде екенін де айтты.
Ал бізде қалай? Босып келгендер мен күні үшін келіп тұрып жатқандарды айтпағанда, өзіміз Мемлекеттік рәміздерімізге, оның ішінде Туымызды қаншалықты құрметтей алып жүрміз? Мемлекеттік рәміздеріміз Заңмен бекітіліп, қорғалады десек, сол заңның орындалуын тиісті заң органдары қалай қадағалап отыр? Мекемелердің маңдайшасында ілулі тұрған туымыздың кей реттерде күнге күйіп оңып кеткен, көк түс емес күлгін түстісін де немесе желден жыртылып жалбырап тұратынын да көзіміз көріп жүргені жасырын емес - дейді Нұрлан Өнербай.
Ол осындай келеңсіздіктердің орын алмау алғы шарты ретінде не істеу керектігін де алға тартады.
"Батыс Қытай-батыс Европа" көлік күре жолы көне Жібек жолымен өтіп жатыр, ендеше неге сол жол өтетін Қазақстанның әрбір қаласының кіре беріс-шыға берісінде, биік жерінде көк туымыз желбіреп тұрмасқа. Сонда біздің елімізге аттап басып, табаны тиген кім болсын, қай елге келгенін, кімнің жерімен өтіп бара жатқанын сезінер еді. Сезініп қана қоймай бәлкім құрметі де артар еді. Сосын "мемлекеттік мекемелер төбесіндегі тудың көлемі, еліміздегі елшіліктердің алдындағы туларының көлемінен кіші болмау керек" - деп сол кездегі Мемлекет хатшысының атына депутаттығымды пайдаланып сауал да жолдаған болатынмын. Әрине сауалым жауапсыз қалған. Жауапсыз қалған, мен жолдаған сауалдардың бұл бірі ғана емес. Жауапсыз қалған сауалдар әдетте БАҚ-та жариялана бермейді. Сондықтан былайғы жұрт хабарсыз болатыны сол - дейді қоғам қайраткері.
Нұрлан Өнербай мысал ретінде, АҚШ елшілгінің алдындағы тудың көлемі 3×5 м болса, ал біздің мемлекеттік мекемелердің төбесіндегі тудың көлемі 1×2 м екенін айтты.
Ғимараттың алдында тұрғанда әрең көрінетін Туыңды, көк байрағымыз деп қалай айта аласың. Ту емес (туша, жалауша) десе болғандай. Өйткені бұл заңда солай көрсетілген. Осыдан кейін құрмет туралы қандай сөз болуы мүмкін? һАл біздегі кейбіреулердің шымбайына айдаладағы Бораттың бүгінгі әрекеті жақпай қалыпты-мыс. Алдымен өзіміз құрметтеп, өзіміздегілерге, басқа ұлт өкілдеріне де Туды, тілді, елді құрметтеуді заң орындарынан, биліктен заңның орындалуын қадағалауларын талап етуіміз керек. Бәлкім сонда, кейінгі кезде төбе көрсетіп қалып жүрген тіліңді қорлаушылар, Туыңнан түрси тігіп алуға құмарлар аяғын тартып, ШАҢЫРАҚҚА қарап жүрер болар - дейді өнер қайраткері.