Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тұтынушылардың 24 млн теңгеден астам ақшасы қайтарылды

15 Тамыз 2025, 14:24
437
Бөлісу:
 Нұркен Алишев  - архив
Фото: Нұркен Алишев - архив

Атырау облысында жыл басынан бері тұтынушылардың 24 млн теңгеден астам қаржысы қайтарылған. Жауапты департамент мамандары түскен өтініштерге сай тексеріс жүргізіп, кәсіпкерлерге де айыппұл салды, деп хабарлайды BAQ,KZ тілшісі. 

Бұл туралы Атырау облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Самат Емберген мәлімдеді. Жалпы департамент сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау сынды екі бағыт бойынша жұмыс істейді. 19 әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын күнделікті тексереді. Соңғы 6 айдың қорытындысымен 40 кәсіпкерлік субъектісі жоспардан тыс тексерілген. Соның арқасында 717 мың теңге айыппұл салынды. 

Азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схеманы тексеру жөніндегі комиссия бар. Осы комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес күні бүгінге дейін 23 отырыс өтті. 6 ай қорытындысымен сауда қызметін реттеу туралы заң талаптарын бұзған 40 кәсіпкерлік субъектісіне жоспардан тыс тексеріс ашылып, 23 кәсіпкерлік субъектіге шара қолданылды. Оның ішінде 7-і ескерту түріндегі әкімшілік жаза болса, 16 кәсіпкерге әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 717 мың теңгені құрайды. Енді бұл жерде 15% үстемесін асыра сатқан тауарларға байланысты орын алып отыр, - дейді департамент басшысы Самат Емберген. 

Ал тұтынушылардың құқығын қорғау бағыты бойынша қаңтар-маусым айларында облыс бойынша департаментке 469 өтініш келіп түскен. Тұтынушылардың өтініштері негізінен бөлшек сауда, тауар айналымы, тамақтану коммуналдық шаруашылығы қызметтері, тұрмыстық қызмет көрсету, туристік және байланыс қызметтері, сондай-ақ электрондық саудаға қатысты болды. Жүргізілген жұмыстар арқасында тұтынушыларға 24 млн теңгеден астам ақша қайтарылған. 

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында тұтынушыларға 24 млн 600 мың теңгеден астам қаражат кері қайтарылды. Сондай- ақ есепті кезеңде 55 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Олардың нәтижесінде 13 кәсіпкерге ескерту берілсе, 14 кәсіпкерге жалпы сомасы 2 млн 417 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Жүргізілген 55 тексеруді ашып айтсақ, 20 тексеру тауарды қайтару не айырбастау бойынша, 13 тексеру тұтынушыға жазбаша жауап қайтару, тәртіп сақтау бойынша. Қалған 22 тексеру сауда қатынастары мен тұтыну нарығындағы заң талаптарының орындалуына қатысты жүргізілді, - деді С.Емберген. 

Жауаптылар азық-түлік бағасының тұрақты болуы үшін бизнес иелеріне жеткілікті деңгейде жағдай жасап отыр. Облыс және қала әкімдігінің қолдауымен жергілікті тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтарына өз өнімдерін делдалсыз, қолжетімді бағада сату мақсатында тегін негізде 100 жер телімі ұсынылып, комиссиялық шешіммен берілген. Базарлармен жасалған меморандумдар негізінде сатушылар тұратын орын құнын 50% жеңілдікпен 194 сауда орнына берілді.

Департаментте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өсімінің алдын-алу және тұрақтандыру мақсатында Атырау қаласы әкімдігі мен құзырлы мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдардан құрылған мониторингтік топ мүшелерімен бірге барлық сауда нүктелеріне апта сайын тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді. Осы бағытта дайындалған жарнамалар да тазатылуда. Сонымен қатар әр апта сайын қалада жәрмеңкелер өткізіліп тұрады. Күні бүгінге дейін 100-ден астам жәрмеңке өтті. Бұл да бағаның тұрақтылығына, қолжетімділігіне негіз болады. Базар мен дүкендегі тауарлардан жәрмеңкеде әлдеқайда арзан бағада сатылады тауар, - деді департамент басшысы С.Жұмабайұлы.

Кәсіпкерлердің тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасы жоғары болуы үшін сауда үйлерін жаңғырту міндеттелді. Осы тапсырмаға сәйкес қазір қаладағы 4 нысан жөндеуден өтіп жатыр. Басты мақсат сау үйінің ішін жаңғыртып ғана қоймай, ашық жерде яғни далада тұрып сауда жүргізетін қызметкерлерге ыңғайлы орын тауып беру, санитарлық талабы сақталған, өрт қауіпсіздігі сақталған жерде жұмыс істеуіне жағдай жасау дейді департаменттегілер. Есесіне тұтынушылар да барлық талапқа сай аумақта сауда жасайды. 

Өзгелердің жаңалығы