Түсініксіз арқандармен шығады. Депутат альпинистердің мәселесін көтерді

5 Желтоқсан 2023, 16:54
549
Бөлісу:
Түсініксіз арқандармен шығады. Депутат альпинистердің мәселесін көтерді
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды жетілдіру бойынша көшпелі отырыста өндірістік альпинистердің мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бейсенбаев атап өткендей, өкінішке қарай, еліміздің өндіріс орындарында, құрылыс саласында еңбек қауіпсіздігі ережелерінің тиісінше сақталмауы салдарынан апатты жағдайлар жиі болып отыр.

Көбіне ол адам шығынына әкеліп жатыр. Бейбіт күнде бейкүнә жандардың опат бола беруі өте өкінішті. Бұл – ерекше алаңдатарлық жағдай. Статистика жөніндегі уәкілетті органның деректері бойынша, еліміздің өнеркәсіп кәсіпорындарында 1,6 млн адам еңбек етеді. Ал олардың 400 мыңы, яғни төрттен бірі денсаулыққа зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындардың барлығында еңбек қауіпсіздігі ережелері толық сақталған деп айта алмаймыз. Бұған осы соңғы бірнеше айдың ішінде болған апаттар куә, - деп айтып, депутат соңғы болған оқиғаларды еске салды.

Мәжілісмен атағандай, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі Костенко атындағы шахтада болған апатта 46 адам қаза тапты. Одан екі жарым ай бұрын «Қазақстан» шахтасындағы апатта 5 адам көз жұмған еді.

Сондай-ақ «Қазақмыс» компаниясы да өндірістік апаттан көз ашпайды. Таяуда ғана бұл компанияның Жамбыл облысындағы «Жайсаң» кенішінде екі жұмысшы қаза тапты. Қараша айының басында да осы компанияның Жезқазған кен байыту фабрикасында бір машинист қайтыс болған еді.

Астана қаласында қазан айының басында екі өндірістік альпинистің биік ғимараттан арқаны үзіліп кетіп құлап, мерт болғаны көпшіліктің қабырғасын қайыстырған болатын.

Бізде биік ғимараттар көбейіп жатыр. Бұл мәселе де сырт қалмауы керек. Кез келген өндірістік альпинистің де мәселесін реттеуіміз керек. Кім олар? Жеке кәсіпкерлер. Бір альпинистерді қабылдайды, түсініксіз арқандармен шығады. Қауіпсіздік шараларын пайдаланбайды. Жап-жас, 25-ке толмаған азаматтар. Отбасы бар, шырылдаған балалар арттарында қалып қойды. Бұлар көпке белгілі болғаны ғана. Ал жабулы қазан жабулы күйінде қалғаны қаншама, - деді депутат.

Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, қайғылы салдарларға әкеліп соқтырған жағдайлардың бәрінің себебі біреу, ол – еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы, кәсіпорындардың қауіпсіз еңбек жағдайын талапқа сай қамтамасыз етпеуі. Сонымен қатар, бұл, еліміздегі өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік қадағалаудың да тиімсіздігін көрсетіп отыр.

Сондықтан елімізде қауіпті және зиянды өндіріс нысандарында өнеркәсіпдік қауіпсіздік деңгейін арттыру, еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша заң талабын қатаңдатумен қатар, осы бағыттағы дамыған елдердің тәжірибесін зерделеп, олардың оң тұстарын енгізуді қолға алудың қажеттігі айқын. Әсіресе, кәсіпкерлік субъектілеріне бірдей талап қоймай, олардың салалық ерекшеліктері мен адам денсаулығына тигізетін зияны мен қауіптілік деңгейлерін ескере отырып, бақылау тетіктерін енгізген жөн, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы