Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Тұрмысқа шығуға мәжбүрледі": 17 жастағы студенттің мәлімдемесі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Бөлісу:
 видеодан алынған кадр
Фото: видеодан алынған кадр

Шымкент қаласының 17 жастағы студенті зорлықпен тұрмысқа шығаруға әрекет жасалғанын мәлімдеді. Полиция ҚР ҚК-нің 125-1-бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласының 17 жастағы студенті өзіне бұрын таныс емес ер адамның оны күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткенін мәлімдеді. Кейін белгілі болғандай, ер адам қызды тұрмыс құру мақсатында алып қашқан.

Қыздың айтуынша, оны Сарыағаш ауданына қарасты ауылға апарып, сол жерде күдікті күш қолданған.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Тұрмысқа шығуға мәжбүрлеу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Іске қатысы бар барлық тұлға полиция басқармасына жеткізілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда істің барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Тергеу аяқталған соң тиісті процессуалдық шешім қабылданады, - деп хабарлады қалалық Полиция департаменті.

Полиция кез келген құқық бұзушылыққа қатысты нөлдік төзімділік қағидатын ұстанатынын атап өтті. Заң талаптарын бұзған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.

Айта кетейік, бұл Шымкенттегі жігіт пен қыз арасындағы қарым-қатынасқа байланысты тергеліп жатқан бірінші қылмыстық іс емес. Бұған дейін 11 қаңтар күні Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.

Кейін полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады.

Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді.

Қыздың өліміне қатысты қылмыстық істің тергеу барысы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің бақылауында. Полиция қызметкерлерінің әрекетіне қызметтік тексеру басталды.

Өзгелердің жаңалығы