Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті ЖД-158/7 мекемесінің қызметкерлері тыйым салынған заттың түзеу мекемесіне ену дерегінің жолын кесті.
Polisia.kz порталының мәліметіне қарағанда, мекеме қызметкерлері бейне-бақылау камералары арқылы А.Асқаров көшесі бойынан түрме қоршауын асырып, белгісіз затты лақтырып, қашпақ болған ер адамды ұстаған.
Заңды бұзған азамат қитұрқы әрекетін іске асырып, артынша ақ түсті “Сакура” маркалы велосипедіне мініп, ізін суытуға әрекеттенгенімен, оның бұл ойы жүзеге аспады. Мекеме қызметкерлері Тараз қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, ізін жасыруға ниеттенген заң бұзушыны қолға түсірді. Күдіктінің жеке басын анықтау барысында оның Тараз қаласының 52 жастағы тұрғыны екені анықталды - делінген хабарламада.
Күдікті азамат төрт ораманы мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталушы үшін лақтырғанын айтты. Қазіргі таңда аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, заңды бұзған азамат қамауға алынды.