"Түрмедегідей жұмыс": Қазақстандықтар Galmart-та еңбек құқықтарының бұзылып жатқанын мәлімдеді

Қызметкерлердің сөзінше, жұмыс ауысымы 16 сағатқа дейін созылады, "отыруға болмайды, телефонды алып қояды, әр қадам үшін айыппұл салады, түскі үзіліс – бар болғаны 15 минут".

 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 14:29
Бүгiн 2026, 14:29
114
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар Galmart супермаркетіндегі еңбек жағдайларына жаппай шағымдануда. Қолданушылардың айтуынша, мұнда қатаң ережелер, ұзақ жұмыс ауысымдары және айыппұл жүйесі енгізілген. Бұл, олардың сөзінше, жұмысты "шыдатпайтын" деңгейге жеткізген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Күн сайын жаңа ережелер ойлап табады, жұмыс істеу күннен-күнге қиындап барады. Өзімізді түрмеде отырғандай сезінеміз: демалуға уақыт жоқ, отырып тамақтануға мүмкіндік берілмейді, әр минутымызды санайды, айыппұл үстіне айыппұл салады, - деп айтып отыр қызметкерлердің бірі. 

Сондай-ақ желі қолданушылары қызметкерлердің сыртқа шығуына 5 минутпен шектеу қойылатынын, кешіккен жағдайда санкциялар қолданылатынын алға тартқан.

Жекелеген шағымдар ішкі бақылау қызметінің әрекеттеріне қатысты айтылған. Басқа қолданушылар да осындай жағдайларды растайды. Олардың сөзінше, жұмыс ауысымы 16 сағатқа дейін созылады, "отыруға болмайды, телефонды алып қояды, әр қадам үшін айыппұл салады, түскі үзіліс – бар болғаны 15 минут".

Galmart компаниясы бұл шағымдарға пікір білдіріп, жағдайды анықтауға дайын екенін мәлімдеді.

Осы жағдайларға байланысты редакция Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ресми сауал жолдап, ықтимал еңбек заңнамасының бұзылуына баға беруді және тексеріс жүргізу жоспары бар-жоғын түсіндіруді сұрады.

Еске салсақ, бұған дейін Атырауда СОБР қызметкерлері өз басшыларының әрекетіне шағымданып, балағат сөздер мен күш қолдану фактілері болғанын мәлімдеген еді. Осыған байланысты олар ІІМ басшылығына және ішкі қауіпсіздік департаментіне ресми түрде жүгінген.

Аталған жанжалға қатысты ІІМ ресми мәлімдеме жасады. Қызметтік тәртіп бұзу фактісі расталып, тексеріс басталды.

Наверх