Мекеме қызметкері сотталған күйеуімен кездесуге келген әйелдің сәбиін бір жарым сағат жұбатқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Instagram-дағы ресми парақшасының хабарлауынша, ШҚО бойынша ҚАЖД (қауіпсіздігі жоғары) №16 мекемесіне жақында күйеуімен қысқа мерзімді кездесуге балалы әйел келген. Жаңбыр жауып, күн күркіреуі салдарынан нәресте қорқып, мазасы қашқан.
Тексеру процедурасынан өту кезінде әйел нәрестесінің бейтаныс ортада өзін ыңғайсыз сезінуі мүмкін екенін айтқан. Тексеру тобының қызметкерлері алаңдаған анаға баласын өздерінің қасында қалдыруға ұсыныс жасаған, содан кейін қызметкерлер баланы бір сағат бойы қолдарында көтеріп жүрген. Түскі ас кезінде баланы тамақтандырған, - делінген хабарламада.
Мекеме бақылаушысы Мұратқан Серікпаевтың айтуынша, оның өзі үлкен отбасынан шыққан, балалармен тіл табыса алатын шеберлігі осыдан.
Колония қызметкерлерінің айтуынша, олар кездесуге келгендердің сөмкелерін көтерісуге, олармен әңгімелесіп, балаларына қарайласып, ойнататын кездер жиі кездеседі.