Түркияға аттанған құтқарушылар қатарында қандай мамандар бар екені айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас Түркия халқына көмек көрсетуді тапсырды. Бүгін таңғы сағат 10.00-де Алматы қаласынан Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы борты ұшып кетті. Ұшақ жақында Түркияның Газиантеп қаласына қонды. Онда қазақстандық құтқарушылар түркиялық әріптестеріне жер сілкінісі салдарын жоюға көмектеседі, - деп айтты Смадияров.
Сөзінше, қазақстандық отрядтың қатарында құтқарушылар, кинологиялық топтар және Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері кіреді.
Құтқару жұмыстарын жүргізуде көп жылдық тәжірибесі бар құтқарушыларда қажетті жабдықтар бар, - деп айтты ол.