Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы төрт күнде Кахраманмараш, Мерсин, Газиантеп, Диярбакыр, Шанлыурфа, Адана, Конья және Елязык провинцияларынан 124 Қазақстан азаматы шығарылды.
Сонымен қатар Қазақстанның тағы бір азаматы жоғалып кетті деп есептегенбіз. Ол екі күн бойы байланысқа шыға алмаған. Қазір аман-сау, қауіпсіз жерде. Тұратын үйі зардап шеккен жоқ, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі.
Сондай-ақ тағы бір отандасымыздың іздестіріліп жатқанын айтты.
Оған қоса, тағы бір Қазақстан азаматы әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кетті деп есептелуде. Ол 6 ақпаннан бері байланысқа шықпаған. Тұратын жері - Кахраманмараш қаласы. Әпкесі министрліктің жедел желісіне хабарласқаннан кейін оны іздеу жұмыстарын бастадық. Қазіргі уақытта Қазақстан елшілігінін қызметкері осы қалаға барып, түрік құтқарушыларымен бірлесіп, оны іздестіруде. Көршілерінің айтуынша, үй қираған кезде ол іште болған. Жақсы хабар күтудеміз, - деді Айбек Смадияров.
Жоғалған азамат — Түркияға жұмыс істеуге барған қыз бала екені белгілі. Қалған ақпаратты ведомство туыстарының өтініші бойынша жариялай алмайтындарын айтты.