Анталияның курорттық аймағы Кемерде бес тәуліктен бері қызыл жалынмен күрес жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тілсіз жау 400 гектар алқапты шарпыған. Жергілікті биліктің мәліметінше, өрт демалыс орындары мен елді- мекендерден қашық жерде. Қауіп сейілген. Алайда соққан желмен шілденің шіліңгір ыстығы тілсіз жауды толық өшіруге кедергі келтіріп отыр. Қызыл жалынмен күреске 10 ұшақ пен 27 тікұшақ жұмылдырылған.
Сонымен қатар қараңғыда көру мүмкіндігі бар өрт сөндіретін 3 тікұшақ та тартылды. Оқиғаның себеп салдары анықталып жатыр. Тергеу амалдары басталған.
Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Сондықтан ауыл мен аудан тұрғындарын көшірмедік. Дегенмен, өртенген жерлерде түрлі жануарлар мен өсімдіктер бар. Күні кеше еліміздің түкпір-түкпірінде 8 өрт оқиғасы тіркелді. Ыстамбұлда, Измирде және Чанаккале мен Яловада екі өрт шығып, олар аз уақыттың ішінде бақылауға алынды. Мұндағы өрт әзірге аңғарларда жалғасуда, - деді Түркия Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрінің орынбасары Вейсел Тиряки.