Түркияда Тәттімбет ескерткіші ашылды

7 Қыркүйек 2023, 08:48
821
Бөлісу:
Түркияда Тәттімбет ескерткіші ашылды
Фото: скрин

Түркияда шертпе күйдің шебері, атақты композитор Тәттімбет Қазанғапұлының ескерткіші ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Қола мүсін түрік астанасындағы Тәттімбет атындағы саябаққа қойылды. Бұл саябақ 2016 жылы күйшінің 200 жылдығында ашылған еді. Дәулескер күйшінің домбыра ұстап тұрған бейнесін сомдаған белгілі мүсінші - Мұрат Мансұров. 2,5 тонна қоладан құйылған ескерткішті Қарағанды облысының әкімдігі Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Анкараға тарту еткен. Салтанатты шараға Тәттімбет халық аспаптар оркестрі арнайы келіп, бауырлас халықты қазақтың ән-күйіне бөледі. Анкара қаласында бұған дейінгі жылдары Ахмет Байтұрсынұлы мен Дина Нұрпейісова атындағы саябақтар да ашылған болатын.

Бабаларымызды ұлықтау, тарихымызды сақтау тек достықтың белгісі деп білемін. Тек осындай іс-шараларымыз көп болсын. Біздің Тәттімбет Қазанғапұлы бабамыз Анкарада, түрік елінің төрінде орын алғаны бізге үлкен қуаныш, бақыт сыйлайды, - дейді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов.

Анкара қаласы Етимесгут ауданының әкімі мұндай шаралар екі елдің ынтымақтастығын арттыратынын атап өтті.

Біз түркі дүниесін жақсы көреміз, бауырлас елдердің бір біріне жақын болуын қалаймыз. Қазақстанның бірнеше қаласында болдым. Қарағандыға да барғанмын. Өте әдемі қала. Осындай шаралар халық пен халықты жақындастырып, бір-бірін жақсы тануда үлкен рөл атқарады, - деді Анкара қаласы Етимесгут ауданының әкімі Энвер Демирел.

Өзгелердің жаңалығы