Түркияның Измир провинциясында бір күнде 16 жерде өрт шықты. Табиғи апатқа байланысты бірнеше ауылдың тұрғындары эвакуацияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Зардап шеккендер жоқ. Қазірге дейін өрт ошағының 11-і сөндіріліп, қалғанымен күрес жалғасып жатыр. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, жалын кей жерлерде адамдардың темекі тұқылын сөндірмей тастауынан деген күдік бар. Оқиғаға қатысты бір адам қамауға алынған.
Мамандар Түркияда биыл жаз басталғалы күн қатты ысып, орман өрті бес есе көбейгенін айтады. Осы себепті елдің 39 провинциясында тұрғындардың қараша айына дейін ормандарға кіруіне тыйым салынды.
Елде аптап ыстықтан орман өрті жиіледі. Сондықтан азаматтарды барынша абай болуға шақырамыз. Сондай-ақ орманда өрттің шығуына себепкер болғандар қатаң жазаға тартылатынын айтқымыз келеді. Қазір апат аудандарында лаулаған жалынмен күрес жалғасып жатыр. Тұрғындардан келесі аптада жел күшейтінін ескертеміз,- деді Түркияның ауыл шаруашылығы және орман министрі Ибрахим Юмаклы.