Түркияның Балыкесир қаласында 9-шы негізгі реактивті әуе базасына тиесілі F-16 Fighting Falcon жойғыш ұшағы жауынгерлік ұшу кезінде апатқа ұшырап, бір ұшқыш қаза тапты. Бұл туралы Балыкесир губернаторы Исмаил Устаоглу мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Ұшақпен радиобайланыс түнгі сағат 00:56-да үзілген. Іздеу-құтқару жұмыстары барысында әуе кемесінің құлағаны және сынықтарының табылғаны анықталды. Апат Измир – Стамбул тас жолының Наипли учаскесі маңында болған, жол қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Түркия Ұлттық Қорғаныс министрлігі апаттың себебі арнайы комиссия жүргізетін техникалық тергеуден кейін белгілі болатынын хабарлады.
Түркияның Әділет және Ішкі істер министрліктері де қаза тапқан ұшқыштың отбасына көңіл айтып, оқиға бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.