Түркия соты Илон Маск негізін қалаған xAI компаниясы әзірлеген Grok атты жасанды интеллект чат-ботының белгілі бір мазмұндарына тыйым салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл чат-бот Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды, Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікті және діни құндылықтарды қорлайтын жауаптар ұсынды деген мәлімдемесінен кейін қабылданған.
Анкараның бас прокуратурасы бұл жағдайға байланысты тергеу бастағанын хабарлады. Бұл Түркияда алғаш рет жасанды интеллект генерациялаған контентке заңды түрде шектеу қойылған жағдай.
Билік аталған мәліметтер қылмыстық заңнамаларды бұзатынын алға тартып отыр. Ел заңына сәйкес, президент пен ұлттық құндылықтарды қорлау 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын қылмыс саналады.
Grok жүйесі бұған дейін де халықаралық сынға ұшыраған. 2022 жылы ол антисемиттік мазмұн мен Адольф Гитлерді мадақтайтын жауаптар үшін айыпталып, кейбір мазмұндарды алып тастаған болатын.
Түркияның Ақпарат және коммуникация технологиялары басқармасы (BTK) сот шешімінен кейін аталған контенттерге тыйым салу туралы бұйрық шығарды.
Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Ураоғлуның мәлімдеуінше, Grok жүйесіне елде толық тыйым салынған жоқ, бірақ қажет болған жағдайда мұндай шаралар қолданылуы мүмкін. Оның айтуынша, түрік билігі бұл мәселені X платформасымен (бұрынғы Twitter) талқылауды жоспарлап отыр.
Киберқұқық сарапшысы Яман Акдениздің айтуынша, билік Grok ұсынған 50-ге жуық жарияланымды тергеуге негіз ретінде алып, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында белгілі бір контентке шектеу қою туралы шешім қабылдаған.
Түркия Grok жүйесіне ресми цензура қойған алғашқы мемлекет, – деді киберқұқық сарапшысы Яман Акдениз.
Соңғы жылдары Түркияда әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларға бақылау күшейген. Билік бұл заңдар ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік лауазымдардың беделін қорғау үшін қажет десе, сыншылар олар азаматтық еркіндікті шектеуге бағытталған деп есептейді.