Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Ақсақалдар кеңесінің Түркия тарапынан мүшесі Бинали Йылдырым Халықаралық Түркі академиясына арнайы келді.
Қазақстанға екі күндік сапармен келген мәртебелі мейманды академия басшысы Дархан Қыдырәлі мен ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің Қазақстан тарапынан мүшесі Икрам Адырбеков қарсы алды. Қонақтар алдымен ұйымның жаңа ғимаратымен, басып шығарған ғылыми еңбектерімен және Түркі музейі жұмысымен танысты.
Бұдан кейін тараптар екіжақты кездесу өткізіп, түркі интеграциясының дамуы, сонымен қатар гуманитария, білім беру және ғылым салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Айта кету керек, Түркия Республикасының экс-Премьер-министрі, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің экс-төрағасы Бинали Йылдырым қараша айында Ыстамбұлда өткен саммитте Ақсақалдар кеңесінің мүшесі болып тағайындалған. Сонымен қатар, Ақсақалдар кеңесінің Қазақстан тарапынан мүшесі болып Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Икрам Адырбеков бекітілді, - деп хабарлады Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі.
Келелі кездесуге ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің Түркия тарапынан мүшесі Бинали Йылдырым, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Ақсақалдар кеңесінің Қазақстан тарапынан мүшесі Икрам Адырбеков, танымал ғалым, профессор Әділ Ахметов, Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Уфук Экижи, танымал журналист, доктор, профессор Күршад Зорлу, Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Таяу, Орта Шығыс және Африка департаменті, Көпжақты ынтымақтастық басқармасының басшысы Мерей Мұқажан, басқа да делегация мүшелері қатысты.
Кездесу соңында Бинали Йылдырымды ұйым басшысы Дархан Қыдырәлі Халықаралық Түркі академиясының Алтын медалімен марапаттап, арнайы құрмет көрсетті. 2002-2016 жылдары Түркияның көлік, теңіз жолдары және байланыс министрі қызметін атқарған Бинали Йылдырым бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынастың нығаюына елеулі үлес қосты.