Түркістанның туристік нарықтағы әлеуеті қарқынды дамуда

30 Қазан 2020, 19:25
3203
Бөлісу:
Түркістанның туристік нарықтағы әлеуеті қарқынды дамуда

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Киелі өңірдегі Қожа Ахмет Ясауи мавзолейіне тоғыз айдың ішінде келушілер саны 253 мыңнан асқан. Оның ішінде 1403-і шетелдік турист болған. Бұл көрсеткіш Түркістан қаласының облыс орталығына айналғалы екі есе көбейер ме еді, жұқпалы індет туризммен қоса біраз саланы тежеді.

Сонымен, туристік нарықта Түркістанның туризм әлеуетін жылжыту қалай жүріп жатыр? Жыл басынан бері қандай жоспарлар жүзеге асырылды? Осы орайда, облыстың туризм саласындағы атқарған жұмыстарына аз-кем шолу жасасақ.

Жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына туризмнің де айтарлықтай қосар ықпалы зор. Осы жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының шет елдегі елшіліктеріне және шетелдік туристік компанияларға жалпы Түркістан облысының туристік әлеуеті туралы 220 хатпен бірге бейнероликтер мен жарнамалық-ақпараттық материал жолданған.  

Сонымен қатар, Түркістан облысының 47 нысаны, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Сауран қалашығы, Үкәшә ата кесенесі, Күлтөбе қалашығы т.б. әлемдегі ең ірі Tripadvisor саяхат туралы сайттың саяхатшылар бөліміне енгізілді. Айта кетейік, TripAdvisor 45 елде, 25 тілде жұмыс істейді, 70 миллионнан астам пайдаланушысы бар. Әлемдегі ең үлкен туристік сайтқа айналған 200 миллионнан астам адам пікір қалдырған.

Бұдан бөлек, Түркістан облысының тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туристік негізгі 5 бағыты бойынша туристерге арналған жадынамалар әзірленді.

Осы жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде еліміздегі өңірлердің және Түркістан облысының туристік әлеуеті атты көрмесі өтті. Ал 25-26 ақпан аралығында Өзбекстан Республикасының Ургенч қаласында екі елдің үкімет басшылары қатысқан аймақаралық ынтымақтастығының ІІ форумы аясында Түркістанның туристік саладағы жетістіктері таныстырылды. Форумда ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасының Ташкент, Самарқанд және Бұхара облыстарының әкімдіктері арасында туристік кластер құру, туристік объектілерді бір бағытта байланыстыру туралы келісімге қол қойылды.

12-13 наурыз аралығында «Жаңа талап» туристік компаниясымен бірлескен Шымкент қаласының 20 туристік бизнес өкіліне Түркістан облысының нысандарына ақпараттық тур ұйымдастырылды.

Туризм десе көз алдымызға ең бірінші көне орындар мен табиғаты әсем тау-тастар елестейтіні жасырын емес. Алайда, Түркістан қаласында туризм субъектісі ретінде қолөнершілікті де дамыту қолға алынған. Осы орайда, 19 қазанда қолөнерді кешенді зерттеу мақсатында жергілікті қолөнершілер қатысқан дөңгелек үстел өткізілді. Жиында аймақтың қолөнер өнімдерін ілгерілету, қолөнер және кәдесый өнімдері арқылы сату алаңдары мен аумақтық брендинг құру бойынша міндеттері талқыланды.

Ішкі туризмді дамыту

Облыстың айшықты да көрнекті жерлерін насихаттауда сыртқы туристерді тартып қана қоймай ішкі туризмді дамыту ісі де биыл пандемияға қарамастан нәтижелі болды. Мәселен, 1-10 маусым аралығында «Хабар 24» телеарнасында жүргізілетін «Дархан дала» бағдарламасының түсірілім тобы Түркістан қаласында орналастырылды. Бағдарлама жүргізушілерін өлкеміздің туристік объектілерімен таныстырып шықтық. Осы аталған жобаның аясында 7 шығарылымды қамтитын материал түсіріліп, «Хабар 24» телеарнасында бір ай көлемінде көрсетілді, - деді облыстық Туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиева.

Оның айтуынша, бұдан басқа 24-30 маусым күндері аралығында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тапсырысымен «EXPO» аумағындағы «Летающий кинотеатр» аттракционына орналастыру мақсатында ұйымдастырылған «Полет над Казахстаном» атты теледидарлық жобасының облыс аумағындағы түсірілімі жүргізілген.

Сондай-ақ, осы маусым айында «SCAT» Әуе Компаниясының Aspan борт журналына Түркістан облысы жайлы модульдік жарнама жарияланды. Туристерді қызықтыру үшін басқа да облыстардың аумағында орналасқан қонақ үйлер мен демалыс орындарында жарнама материалдарын орналастыру және туристік объектілерді жарнамалау шаралары жүргізілді. Сovid-19 пандемиясынан сақтану жолдары жайлы жазылған жадынама  әзірленіп, 500 туристік нысан мен ұйымға таратылды.

Сонымен қатар, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде белсенді түрде жұмыс жүргізіліп, аудиторияны туристік объектілермен таныстыру мақсатында жұмыстар жасалуда. Оған қоса, өзге облыстардың ақпараттық орталықтарымен бірлесе жұмыс жүргізу барысында басқа өнірлердің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына облыс аумағындағы объектілерді өзара жарнамалау жүзеге асырылды.

Қазіргі уақытта бізде Түркістан облысының көрікті жерлерін жарнамалау мақсатында әр аудандарда орналасқан туристік нысандар бойынша «Онлайн-саяхат» жобасының түсірілімі жүргізіліп жатыр. Жобаның осы уақытқа дейін бірнеше бөлімі жарық көрді. Айталық, Бәйдібек ауданы, Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі жайлы, Отырар және Ордабасы аудандары, Байжансай, Сауран қалашығы,  Ащысай, Созақ ауданы т.б. түсірілімдер әлі де жалғасуда. Түсірілім нәтижелерін апта сайын әлеуметтік желідегі парақшаларға шығарып отырамыз. Роликтер әлеуметтік желілерде жалпы 20 мың оқырманға көрсетілді, - деді туризм басқармасының басшысы Г.Ахбердиева.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желідегі парақшаларда оқырмандарды  көбейту және қызығушылықтарын арттыру үшін конкурстарға арналған «Turkistan Tourism Center» имидждік сыйлықтары әзірленуде.

Түркістан облысының туристік әлеуетін  өзге де облыстарға таныту үшін және өзара ынтымақтастықты арттыру мақсатында Түркістан өңірін дәріптеуге арналған жарнамалық материалдарды ШҚО, БҚО, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Павлодар, Петропавл облыстарындағы жарнамалық орындарға орналастыру бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.

Ал 22 қыркүйекте Орталықтың қолдауымен «Отандастар қоры» шетелде тұратын этникалық қазақ жастарымен байланыс орнату мақсатында «Киелі Қазақстан» жобасы аясында үшінші рет Қазақстанның киелі жерлеріне экскурсия өткізілді. Түркістан өңірі бойынша Отырар ауданы және Түркістан қаласындағы туристік нысандардың тарихы таныстырылды.

20 қазанда киелі өңірге туристерді көптеп тарту бойынша «Түркістан – Түркі әлемінің бесігі» атты үлкен басқосу болып өтті. Оған ҚР салалық туризм басқармаларының, қауымдастықтардың, Ұлттық компаниялардың және т.б. өкілдері қатысты. Семинар-кеңес барысында Түркістан облысының туризмін республикалық деңгейде дамуы кеңінен талқыланды. Осы іс-шараның қорытындысы бойынша Жамбыл, Атырау, Маңғыстау т.б. облыстармен туризм саласындағы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, 20-21 қазанда ақпараттық тур ұйымдастырылып, Түркістан қаласындағы жаңа нысандар мен Отырар ауданындағы туристік нысандар таныстырылды.

Жуырда Кентау қаласының аумағындағы Қарнақ елді мекенінен 6-8 ғасыр мен 12-14 ғасырларға тиесілі діни рәсім жасалған көне бассейннің орны табылды. Ендігі кезекте, бұл орын да туристердің қызығушылығын арттыра түсері сөзсіз.   

Өзгелердің жаңалығы