Әбу-Даби – Түркістан бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін әуежайда тексеруден өту кезінде Түркістан қаласының 59 жастағы екі тұрғыны анықталып, ұсталды. Олардан діни мазмұндағы 39 кітап тәркіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көліктегі ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі ер адамға 369 200 теңге айыппұл салынды.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген тексеру барысында ұсталғандардан діни мазмұндағы 39 кітап табылып, тәркіленді. Кұқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, олардың әрқайсы 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшеріндегі айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, ҚР “Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы” Заңына сәйкес әр атаудың бір данасындағы жеке пайдалануға арналғандарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әкелуді дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін тіркелген діни бірлестіктер ғана жүзеге асырады.