Түркістанға тарихи-танымдық тур ұйымдастырылды

12 Қараша 2024, 14:00
576
Бөлісу:
Түркістанға тарихи-танымдық тур ұйымдастырылды
Фото: «ҚТЖ - Жүк тасымалдау» ЖШС филиалы

«ҚТЖ - Жүк тасымалдау» ЖШС филиалы «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалының кәсіподақ ұйымының бастамасымен теміржолшы қыз-келіншектер киелі Түркістанға біркүндік тарихи-танымдық саяхат жасап келді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қым-қуыт тіршілікті бір сәтке ұмыттырып, рухани серпіліс сыйлаған танымдық тур 25 қараша – Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күніне орай ұйымдастырылды.

Таң қылаң бере жолға шыққан қызметкерлерді «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалының директоры Айдын Сеитбенбетов ақ жол тілеп, шығарып салды.

Ана, әйел, қаракөз қарындасты сыйлау, оларға қорған болып, қамқорлық жасау – ата салтымызбен қанға сіңген қасиет. Сондықтан, кәсіподақ ұйымы киелі Түркістанға біркүндік саяхат ұйымдастыру туралы ұсыныс айтқанда, жұмыс кестесін ыңғайлап, қолдау көрсетуді жөн деп таптық. Сапар сәтті болсын, - деді филиал директоры.

Жыл сайын осы күннің қарсаңында кәсіподақ ұйымы бөлімшеде еңбек етіп жатқан қыз-келіншектер арасында түрлі спорттық спартакиадалар өткізетін. Соның ішінде боулингтен жарыс кең көлемде қанат жая бастаған. Биыл үрдіске өзгеріс енгізіліп, 50 қызметкерге тарихи жерлерге саяхат ұйымдастырылды.

Саяхат барысында кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшораев, кадр бөлімінің меңгерушісі Меруерт Баймұрзаева бірге жүрді. Жолаушыларға арнайы гид қызмет көрсетті. Талапқа сай алғашқы медициналық қызмет көрсететін фельдшерді де ұмытқан жоқпыз. Біркүндік туристік сапар кезінде теміржолшы қыз-келіншектерді Домалақ ана кесенесіне, жергілікті тұрғындар Үңгіртас атап кеткен «Ақмешітке», Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне апардық. Арыстан баб кесенесінде құрбан шалып, саяхатшыларға түскі ас бердік. Жамбылдық теміржолшылар арнайы келіп-кеткенінің белгісі болсын деп, бөлімше филиалының атауы жазылған тақтайша орнатып, Арыстан баб кесенесі аумағына жеміс ағаштарын отырғыздық, - дейді барлық ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Серік Наурызбаев.

Түркістан қаласында туристер міндетті түрде соқпай кетпейтін архитектурасы ерекше «Алтын самұрық» театры бар. Жамбылдық саяхатшылар ұшатын театр аталып кеткен алтын шардың алдына жиналып, аспанға түрлі-түсті шар ұшырды.

Сондай-ақ саяхатшылар Керуен сарайдағы кешкі шоу бағдарламаны тамашалады.

Саяхатшылар Түркістанға сапардың ұмытылмас әсер қалдырғанын айтады. «Бұл бір рухани тазару ғана емес, ұжымдық ауызбіршілікті нығайтқан ерекше тур болды. «Кемедегінің жаны бір» деген сөз бекер айтылмаған. Жол үстінде бір-бірімізге деген тілеулестік арта түседі екен. Сыйластық өз алдына, әріптесің үшін жауапкершілігің барын түсінесіз», дейді олар.

Өзгелердің жаңалығы