Түркістан облысының тұрғындарына Қарағанды облысынан бос жұмыс орындары ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысында 43 300 азамат жұмыссыздар қатарында. Жұмыссыздар санын азайту үшін облыста бос жұмыс орны жәрмеңкесі басталды. Жәрмеңкені Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Қарағанды облысынан арнайы келген делегация ұйымдастырды.
Жәрмеңкеге облыстың жұмыссыз тұрғындары мен білім беру ұйымдарының бітіруші түлектері қатыса алады. Азаматтарға 9 мекемеден 900-ге жуық бос жұмыс орны қарастырылған.
Шараны ұйымдастырудағы мақсат Түркістан облысының жұмыс іздеп жүрген азаматтарымен бетпе-бет сөйлесе отырып, бос орындарды соған қарай талдау және жетілдіру. Зейнет жасына дейінгі азаматтар осы шараларға қатыса алады. Жалақы мөлшері 150-500 мың теңге аралығын құрайды. Сондай-ақ ниет білдіріген, қызығушылық танытқан азаматтарды жатақханамен қамту қарастырылған, – дейді Қарағанды қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Сыздықов.
Бос жұмыс орындарының басым бөлігі техникалық және өнеркәсіптік мамандықтар. Мәселен, Қарағанды облысындағы мекемелерге жүргізуші, күзетші, бақылаушы, тасымалдаушы, құрастырушы, дәнекерлеуші, электрик, жол монтері, инженер-технолог, электроника инженері, шебер, қазандық тазалаушы, жүк тиеуші, меңгеруші, байланыс электромонтері, ағаш ұстасы, ТЖ логисті, геолог, шикізатты немесе жартылай фабрикаттарды және дайын өнімді қабылдаушы, техникалық персонал маман иелері керек.
Түркістан қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жалпы 112 азамат қатысса, оның 58-і жұмысқа орналасуға ниет білдірген. Арасында мүгедектігі бар азаматтар, студенттер және көпбалалы отбасылар да бар. Делегацияның жұмыс сапары екі күнге жалғасады. Түркістан облысының басқа өңірлеріне де бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылады.