Түркістанда жүгері өңдеу зауытының дәнді кептіру және сақтау кешені іске қосылады

Бүгiн, 08:10
169
Бөлісу:
Түркістанда жүгері өңдеу зауытының дәнді кептіру және сақтау кешені іске қосылады
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысы Шардара ауданындағы "Шардара" индустриалды аймағында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шардара ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды жүгері дақылын терең өңдеу зауытында болды. 35 гектар аумақта орналасқан "Казкрахмал" ЖШС жүгері өңдеу зауыты крахмал мен сірне өндірісіне бағытталған. Инвестиция көлемі – 35 млрд. теңге. Жаңа өндірістің І кезеңінде дәнді кептіру және сақтау кешені іске қосылады. ІІ кезеңнің жоспарына сәйкес, зауыт ғимаратының құрылысы жүргізілуде. 500-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтитын өндіріс кешені келер жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Облыс әкімі зауыттың іске қосылуы аймақта жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикалық дамуды қамтамасыз ететініне тоқталды. Жаңа технологиялар мен экологиялық стандарттарға сай өндіріс орны агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің жаңа деңгейіне көтерілуіне ықпал ететінін жеткізді. Сондай-ақ зауыт басшылығына әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Түркістан облысы балық өндіруден көш бастап тұр. Соның ішінде Шардара ауданында балық өсіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы бағытта облыс әкімі Дархан Сатыбалды Шардарадағы балық өңдеу зауытын аралап көрді.

Мұнда жылына 1600 тонна дайын балық өнімдері өндіріледі. "Даму аймақ" бағдарламасымен құрал-жабдық сатып алуға 160 млн. теңге бөлінген. Кәсіпорында балықтың филе және мұздатылған түрлері өндіріліп отыр. Ал өндірілген өнім Германия, Дания, Ресей Федерациясының нарығына жөнелтілуде. Экспортқа шығарылатын өнім көлемі 1 млрд. теңгені құрайды. 50-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған.

Өзгелердің жаңалығы