Түркістанда жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында шахматтың классикалық, рапид және блиц түрінен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жарысқа еліміздің 20 өңірінен 400-ден астам жас шахматшы қатысып жатыр. Олар 14, 16 және 18 жасқа дейінгі санат бойынша үздіктерді анықтайды. Жүлде қоры 5 млн теңгені құрайтын ел чемпионаты 12 күнге жоспарланған.
Түркістан қаласы – еліміздің рухани-мәдени орталығы. Сонымен қатар Түркістан түркі мемлекеттерінің 2024 жылғы туризм астанасы болып белгіленді. Сол себептен де үлкен деңгейдегі чемпионаттың Түркістанда таңдалып, өткізіліп жатқаны бекер емес. Қазіргі таңда өңірде жаңадан спорт нысандары бой көтерді. Халықаралық, әлемдік жарыстар өткізіліп жатыр. Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан спортқа қолдау көрсеткен соң, спортшылар да өз тарапынан нәтиже көрсете білуі керек. Міне, бүгін еліміздің түкпір-түкпірінен қаншама жас шахматшы өз мүмкіндігін тексеріп көруге келіп отыр. Сәттілік тілеймін. Баршаңыз Қазақстанның көк туын биікте желбірете беріңіздер, – деді облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.