Түркістанда қазақ-корей бірлескен университеті бой көтереді

Бүгiн, 08:33
181
Бөлісу:
Түркістанда қазақ-корей бірлескен университеті бой көтереді
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістанда қазақ-корей бірлескен университеті ғимаратының құрылысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашу тапсырмасына орай қолға алынған.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс барысын қадағалап, нысанның қазіргі жай-күйімен танысты. Жауапты басшылар мен мердігер компания басшысымен пікір алмасып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы есептерін тыңдады.

Ғимарат биыл аяқталып, оқу жылына толық дайын болуы тиіс. Ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарымен де біраз уақыт кетеді. Сондықтан құрылыс қарқынын төмендетпей, сапалы әрі жүйелі атқарыңыздар, - деген Нұралхан Көшеров 18 қабатты ғимаратты аралап көрді.

Ол сапалы құрылыс материалдарын қолдануды тапсырды.

Айта кетейік, былтыр жауапты министрлік және Түркістан облысы әкімдігі тарапынан Кореяның 70 жылдық тарихы бар Woosong университеті басшылығымен келіссөздер жргізілген болатын. Нәтижесінде Түркістанда аталған оқу ордасының филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды. Бұл жоғары оқу орнында ІТ және өзге де техникалық мамандарды даярлау жоспарланып отыр. 

Өндіріске, ауыл шаруашылығын жаңаша бағытта дамытуға қажетті мамандарды даярлау да жоспарға енгізілген.

Өзгелердің жаңалығы