Бүгін "Түркістан – Қожа Ахмет Яссауи" мешітінде Түркістанда мәңгі қоныс тапқан қазақ хандары мен билерінің рухына құран бағышталып, ауызашар берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Түркістан облысының әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рухани кеште облыс әкімі Дархан Сатыбалды барша қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күллі мұсылман қауымы, ата-бабаларымыз бұл айды асыға күтіп, құлшылықтарын күшейткен. Елдің амандығы, бірлігі үшін дұға етіп, Алладан тілек тілеген. Қазір еліміздің бірнеше өңірінде су тасқынына қарсы жұмыстар атқарылып жатыр. Сондағы бауырларымыз, отандастарымыз үшін де тілек тілейік. Қиындықтар артта қалсын! Бүгінгі кездесуді пайдалана отырып, жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, табиғи апат салдарынан жапа шеккен алыстағы ағайын-бауырға қол ұшын беріп, көмектесуге шақырамын. Құтты, қасиетті айдың соңғы күндерінде тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Қазақ үшін Түркістанның орны айрықша. Мемлекет басшылығы тарапынан қасиетті аймаққа көңіл бөлініп жатыр. Біз Түркістанды дамыту жұмыстарын жалғастырамыз. Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!, – деді облыс басшысы.
Кеш Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлеповтың ауызашар батасымен басталды. Жиынды дәстүрлі әнші Бекзат Сәкенұлы жүргізді. Кеш барысында ардагерлер, абыз қариялар, зиялы қауым өкілдері тағылымды әңгіме, өнегелі өсиет туралы ой өрбітті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов уағыз айтса, Әміре қажы Бекайдар бата берді. Қожа Ахмет Ясауидің, қазақ хандарының рухына құран бағышталды.
Рухани кешке қатысқан жамағат бір-біріне "Оразадан оразаға аман-есен жете берейік" деп тарқасты.
Түркістан топырағында 40-тан астам діни-рухани тұлға, қазақтың 21 ханы, 8 сұлтан, 20-дан астам би, 60-тан астам батыр, әзіз аналар, игі жақсылар жатыр. Аталған аңыз адамның барлығы да қазақ тарихы мен руханиятында ерекше мәнге ие.