Ұлттық мереке 25 Қазан – Республика күніне орай Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығында «Мәңгілік ел» жиналысы болып өтті, деп хабарлайды осы аймақтағы BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шарада Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының Отбасы және жастар мәселелері бөлімінің басшысы Нұркен Аралбеков Республика күні елдігімізді асқақтататын ұлы мереке екенін атап өтті. Сондай-ақ, облыстың белсенді жастарын құттықтап шықты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін Жаңа Қазақстанның тарихына қайтадан әкеліп қосты. Бұл ең айтулы да қадірлі мерекелердің бірегейі. Осы 25 қазан күні жас қазақ елінің тәуелсіздігі туралы Декларация қабылданған болатын. Республикамыздың ресми шекарасы бекітілді, жеке мемлекет ретінде әлемдік картаға енгізілді. Жастар ел ертеңін күшейтетін мықты тетік. Қазіргі жастар Республика күні мерекесінің маңызын жан-жүрегімен ұғынып, тереңінен қастерлеуі тиіс. Келешекте барша жастар білімі мен білігін Жаңа Қазақстанның дамып, гүлденуіне арнайды деп сенемін», - деді бөлім басшысы Н.Аралбеков.
Мерекелік іс-шара барысында Н.Аралбеков түрлі қызмет салаларына айтарлықтай үлес қосқан және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын өңірдің алғыр жастарына алғыс хаттар табыстап, еңбектеріне сәттілік тіледі. Марапат алғандардың ішінде Түркістан облысы бойынша қалалық, аудандық Жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері де болды.
Іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталды. Өз кезегінде жалындаған жастар патриоттық әндер орындап, мерекенің шырайын аша түсті.