Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында COVID-19 індетімен ауыратын 20 жастағы жүкті әйел дәрігерлердің көмегімен аман-есен босанды.
Ол Сайрам аудандық инфекциялық ауруханасына жүктіліктің 39 аптасында ЖРВИ симптомдарымен амбулаторлық қабылдауға жеткізілген. Сынама нәтижесі оның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын көрсетті. Айы-күні толып, толғағы қысқан әйел мен оның сәбиінің өмірін аман алып қалу үшін шұғыл түрде білікті дәрігерлердің қатысуымен арнайы консилиум өткізілген.Әйел аман-есен тұңғышын дүниеге әкелді. Нәрестенің салмағы 3400 гр. Одан бірден коронавирусқа сынама алынды. Жаңа туған ұл бала анасынан оқшауландырылды. Текст қорытындысы нәрестенің бойынан COVID-19 инфекциясының табылмағанын көрсетті. Мамандардың айтуынша, сәбидің жағдайы жақсы. Жеке бокста, дәрігерлердің жіті бақылауында. Анасының да жағдайы бірқалыпты, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, былтыр өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған 122 жүкті әйел аман-есен босанған. Түркістан облысында жыл басынан бері 15 мыңға жуық сәби дүниеге келген. 2020 жылы өңірде 61 274 нәресте туған. Түркістан облысы бала туу көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап тұр.