Түркістан облысы халық санымен қоса бала санының көптігімен де алдыңғы қатарда келеді. Өңірде 18 жасқа дейінгі бала саны - 916524-ке жетті, деп хабарлайды осы аймақтың BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Күнгейде мүгедектігі бар балалар саны мен инклюзивті сыныптар және біліммен қамтылғандар саны және жалпы қамқорлыққа мұқтаж балаларға қандай жағдайлар жасалып жатқаны туралы аймақтың білім басқармасының кәмелетке толмағандарды әлеуметтендіру бөлімінің басшысы Айгүл Ерғалиқызы айтып берді.
Оның айтуынша, 7-18 жас арасындағы 17808 бала ерекше білім алуды қажет етеді, аталған балалардың 97,6% біліммен қамтылған. Оның ішінде мектеп-интернат бойынша 1256 бала, 415 балғын әлеуметтік күтімде, денсаулық жағдайына қатысты 3207 бүлдіршін білімді үйінен алса, қалған 16137 жасөспірім мектепте келіп, қоғаммен тікелей араласып оқып жатыр.
Облыста өзгеше күтімді қажет ететін мүгедек балаларға жағдай жасау барынша қарастырылған. Олардың білім алуына, психологиялық және медициналық тұрғыдан қолдау көрсетіліп, кеңес беретін 31 арнайы білім беретін ұйым жұмыс істейді. Нақтырақ айтқанда 7 мектеп-интернат, педагогикалық жағынан қамтылған кеңес беретін жеті мекеме, балаларды барынша психология, педагогика жағынан түзейтін 17 кабинет пен 6 инклюзивті қолдайтын кабинет бар. Оның бірі Дара қорымен ресурстық орталығында, біреуі Болашақ қорымен, екеуі Қамқорлық жол картасымен, екеуі ЖАО түрінде ашылған, - деді Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының Кәмелетке толмағандарды әлеуметтендіру бөлімінің басшысы Айгүл Қасымбекова.
Бөлім басшысының сөзінше, биыл облыстың ірі аудан орталықтары саналатын Сарыағаш, Ордабасы, Созақ, Мақтаарал аудандарында Дара қорының демеушілігімен жаңадан 4 орталық ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек оңтүстік аймақта соңғы жылдары мұқтаж балаларды оқытатын ұйымның саны 6-ға көбейген.
Оның ішінде Келес және Сайрам аудандарында 2 кабинет желісі іске қосылып, кезекте тұрған 209 ерекше бала педагогикалық және психологиялық түзету көмегімен қамтылды. Ал инклюзивті қолдау кабинеттерінің саны 6-ға артты. Оның 4-еуі Түркістанда, біреуі Сайрамда, біреуі Сауран ауданында ашылды.
Қазіргі таңда инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын жалпы білім беру ұйымдарының ақпараттық-кеңістігін ресурстық-ұйымдастыру мақсатында Түркістан қаласындағы М.Шоқай атындағы №24 жалпы орта мектебі инклюзивті білім берудің облыстық ресурстық орталығы ретінде бекітіліп, аудандық, қалалық білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс атқаруда, - дейді бөлім басшысы.
Қоғамда баланы қорғау, ерекше қажеттіліктері бар балаларға деген ынтымақтастық пен құрмет рухын қалыптастыру мемлекеттік тұрғыдан қолға алынуы тиіс үлкен мәселе. Бұл ретте елімізде балалар үшін жасалып жатқан қандай бағдарламалар бар, соларға тоқтала кетсек, 2021 жылы Үкіметтің қаулысымен «Білімді ұлт» сапалы білім беру» жобасын, 2029 жылға дейін бекітілген білім беруді дамытудың тұжырымдамасын айта кетуге болады.
Сондай-ақ, өткен жылы Үкімет басшысының бірінші ақпандағы №21-ө өкімімен «Қазақстан балаларының хал-ахуал индексі» бекітілген. Индекстің әдістемесі «Бала», «Отбасы және қоғам», «Мемлекеттік саясат», «Елдің әл-ауқаты» деп аталатын төрт бағытты, 14 компонентті, 56 индикаторды (35 статистикалық және 21 сауалнама индикаторы – 65% және 35% арақатынасы) қамтиды. Бұл бағдарламалар әрине өз кезегінде қоғамда барлық азаматтардың өзара сыйластығы мен теңдігі құндылықтарын жалғастыруға септігін тигізеді.
Тағы бір мәселе, қиын жағдайға тап болған кезде балалар құқығын кімдер қорғайды деген сауалға бөлім басшысы Айгүл Ерғалиқызы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес, қиын жағдайға тап болған балалардың құқықтарын қорғау қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган білім бөлімдеріне жүктелгенін атап өтті. Сонымен қатар Түркістан өңірінде «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» қызмет атқаратынын жеткізді.