Түркістанда футбол федерациясының президенті сайланды

16 Желтоқсан 2020, 22:22
2886
Бөлісу:
Түркістанда футбол федерациясының президенті сайланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында аймақтық футбол федерациясы құрылып, оның алғашқы президенті болып Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, генерал Хәкім Көшқалиев сайланды. 

Жиынға  қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов балалар арасындағы футболды жаңартуда жаңашылдықтар орын алатынын айтты.

Спорт қоғамдастығы мен жанкүйерлері үшін тарихи күн. Федерация алдында үлкен міндеттер тұр. Облыс командасын Премьер-лигаға шығару, Түркістандағы жаңа стадионда Президент кубогы халықаралық турнирін өткізу, балалар мен бұқаралық футболды дамыту,- деді облыс әкімінің орынбасары.

Футбол мамандарымен өткен басқосуда өңірімізде отандық футболды дамыту мәселелері талқыланды. Жаңадан бой көтерген «Түркістан арена» стадионы барлық талаптарға толық жауап бере  алады. Отандық футболды жаңғырту  мақсатында құрылған Түркістан облысының футбол федерациясының мақсаты – облыстағы балалар мен  жасөспірімдер футболын дамыту, сонымен қатар, аудан, ауыл-аймақтарда бұл спорт түрін УЕФА талаптарына сай  өркендету.

Келер жылы жаңа маусымда Премьер  лига командалары арасында Түркістан  облысының намысын қорғайтын «Арыс» футбол клубының жаңа құрамасы  жасақталады. Айта кетейік, биылғы бірінші  лига  командалары арасындағы Чемпионатта «Арыс» командасы күміс  жүлдегер атанды. Алдағы кезде кәсіби футбол командасының атауы да  өзгертіледі.

Облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын облыс жастары арасында танымал болған «Қала мен дала» облыстық  чемпионаты да қалыпқа келтіріледі. Бұдан басқа өңіріміздегі стадиондардың инфрақұрылымдары да Қазақстан  футбол федерациясының  талаптарына сай көркеймек.

Жоспар бойынша алдағы маусымда Премьер лига  клубтары арасында 14 команда өнер  көрсетеді. Қазақстан чемпионатын  өткізуде Түркістан  қаласында барлық инфраструктуралар талапқа сай келеді.

Өзгелердің жаңалығы