Әйелді ұрлау бойынша резонанс тудырған істі Түркістан қаласының ауданаралық соты қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар – жәбірленушінің күйеуі және оның екі досы.
Оқиға алдында ерлі-зайыптылардың арасында жанжал болған. Кейін күйеуі достарымен бірге әйелден "қалай құтылуға болады" деген жоспар құрған. Олар әйелдің қолы мен аяғын скотчпен байлап, күштеп Шымкентке алып кеткен. Одан соң күйеуі тиісті медициналық құжаттарға қол қойып, әйелін заңсыз түрде Облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызған.
Тергеу барысында ер адамның үйінде атыс қаруына арналған 16 дана жауынгерлік оқ-дәрі сақталғаны да анықталды.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің көрсетуімен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, куәлардың жауаптарымен, аудио және бейнематериалдармен, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша өзге де дәлелдермен толық дәлелденді. Сот жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың кәмелетке толмаған балаларының барын ескерді. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ, – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Нәтижесінде жәбірленушінің күйеуі адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы адам ұрлау (ҚК 125-бабы 2-бөлігі 1-тармағы), психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру (ҚК 127-бабы 1-бөлігі) және оқ-дәрілерді заңсыз сақтау (ҚК 287-бабы 3-бөлігі) баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Сот әйелдің күйеуін 9 жылға бас бостандығынан айырды, ал оның екі досы 8 жылға сотталды. Сонымен қатар сот шешімімен күйеуі жәбірленушіге моральдық зиян үшін 5 млн теңге төлеуге міндеттелді, ал оның сыбайластары әрқайсысы 3 млн теңгеден өтеуге тиіс.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Таразда 13 жасар қызды аялдамадан ұрлап кетпек болғаны туралы жаздық.