Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Келіні енесінің ұялы телефонын жасырын түрде алып, өз есеп шотына ақша аударып алған.
ТО ПД баспасөз қызметі Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағымданғанын хабарлады. Ол арызында есеп шотындағы ақшасының жоғалып кеткендігін көрсеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.
Осы іс бойынша полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Іздестірудің нәтижесінде күдікті азаматшаны өз үйінен ұстады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеушілердің тиянақты жұмыстарының нәтижесінде күдікті азаматша арызданушының келіні болып шықты, - делінген хабарламада.
Келіні енесінің ұялы телефонын жасырын түрде алып, өз есеп шотына ақша аударып алған. Сондай-ақ күдікті азаматша ақшаны құмар ойындарға және киім алуға жаратып жіберген. Келтірілген шығын көлемі 126 000 тенгені құрайды. Азаматшаның бұрын алаяқтықпен айналысқандығы анықталып жатыр. Бұрын сотты болмаған. Азаматша кінәсін толықтай мойындады. Бас шарасы қолхатта.
Түркістан облысы полицейлері ешкімге сенбеуді және ұялы телефондарыңызға құпия сөз қоюларыңызды ескертеді. Есеп шоттарыңызға мұқият қараңыздар!