Түркістанда «Еңбегі жанған арулар» іскер әйелдер форумы өтті

21 Мамыр 2022, 18:20
3843
Бөлісу:
Түркістанда «Еңбегі жанған арулар» іскер әйелдер форумы өтті

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түркістан қаласындағы Конституциялық реформаларды түсіндіру және референдумды қолдау мақсатында өңірлік әкімдіктің қолдауымен және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Еңбегі жанған арулар» іскер әйелдер форумы өтті. 

Форумға мемлекеттік мекемелер, Шымкент қаласының бизнес қауымдастығының өкілдері, облыстық және мәслихат депутаттары қатысты. 

Іс-шара мейрамханадағы ұлттық киімдер мен іскер әйелдердің фотокөрмесінен басталды. Жиында Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының Президенті, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Раушан Сарсембаева форумның мақсатын түсіндіре кетті. 

Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы – мемлекеттік басқару, бизнес, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және т.б. қоғамның іскерлік саласында жұмыс істейтін әйелдерді біріктіретін алғашқы республикалық қоғамдық үкіметтік емес ұйым. 27 жыл ішінде аталған қауымдастық әйелдерді жұмысқа орналастыруға және олардың білімін арттыруға, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға, әйелдердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға және оларды кәсіпкерлік пен саяси қызметте ілгерілетуге бағытталған 100-ден астам жобаны іске асырды, - деді Раушан Сәрсембаева.  

Түркістанда «Еңбегі жанған арулар» іскер әйелдер форумы өтті

Елімізде іскер қыз-келіншектер өз кәсібімен экономикамызға үлкен үлес қосып келеді. Форумның мақсаты да сол, жұмыс істейтін әйелдердің мәртебесін көтеру, оларды жұмыспен қамту және кәсіпкерлік саласын дамыту саясатын іске асыру секілді міндеттерді көздейді. 

Қыз-келіншектердің кәсіпте өркендеуі тек отбасы үшін ғана емес, қоғамға да  пайдалы. Бүгінде әйелдер барлық салада жетістікке жетіп жатыр. Форумда республикадағы шағын және орта бизнестің 40 пайызы іскер әйелдерге тиесілі екені айтылды. 

Түркістанда «Еңбегі жанған арулар» іскер әйелдер форумы өтті

Түркістан облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева форум арқылы іскер ханымдардың жетістіктерін кейінгі жастарға үлгі ету, жас кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беру маңызды екенін атап өтті.

Қоғамда әйелдер де кез келген саланы иіріп кете алады. Үй шаруасында да, жұмыста да, мемлекеттік қызметтерде де әйелдер өздерін табыскер, еңбекқор ретінде көрсетуге мүмкіндіктері көп. 5 маусымда болғалы тұрған референдумға баршамыз атсалысып, азаматтық позициямызды білдіруіміз керек. Өйткені, ол заң болашағымыздың жарқын болуына кепілдік беретін басты құжат, - деді Инара Намазбаева. 

Айта кетейік, форумда «Кәсіпкер әйелдердің Қазақстанның тұрақты дамуын қалыптастырудағы рөлі» мен «Қоғамды трансформациялаудағы азаматтық сектордың рөлі және референдумға байланысты», «Түркістан облысы және Шымкент қаласы дамуындағы іскер әйелдер қауымдастығының рөлі» деп аталатын сессия отырыстары өтті.

Түркістанда «Еңбегі жанған арулар» іскер әйелдер форумы өтті

Сондай-ақ форумға қатысушылар Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлығын қолдады. 

Шара соңында іскер әйелдер «ENBEGI JANGAN ARYLAR» медальдарымен және алғыс хаттармен салтанатты түрде марапатталды.

 

Өзгелердің жаңалығы