Түркістан облысында 40 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагерінде демалады. Оның ішінде 23 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен тегін барады. «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста 3390 бала жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылмақ. Ал 1050 оқушы республикалық оқу-сауықтыру лагерлерінде сауықтырылады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Түркістан облысында орналасқан мемлекеттік жазғы сауықтыру лагерлері соңғы 10 жылдан астам уақыт жөндеу жұмысын көрмеген. Облыс әкімінің апталық жиынында талапқа сай емес демалыс аймақтарын ретке келтіруге облыстық бюджет есебінен тиісті қаржы қарау ұсынылды.
Жалпы қала сыртындағы лагерлер маусым айының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мектеп жанындағы бір мезгіл тамақпен қамтитын 330 лагерь ашылады. Облыста биылғы оқу жылында 17 жазғы сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр.
Биылғы 2022-2023 оқу жылында 17 жазғы-сауықтыру лагерлері қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Оның ішінде мемлекеттігі -7, өткен жылы 6 еді. Қала сыртындағы лагерлер 41 597 балаға, мектеп жанындағы лагерлер 153 мың балаға ұйымдастырылады. Бұл жалпы алған кезде 37 пайызды құрап отыр, - деп мәлімдеді облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.
Биыл облыста 40 мыңнан астам бала жазғы сауықтыру лагерінде демалады. Оның 23 мыңы бюджет есебінен тегін бармақ. Сондай-ақ, 1050 оқушы республикалық оқу-сауықтыру лагерлерімен қамтылады. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында 110 мыңға жуық бала көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына қатысады деп жоспарлануда.
Жазғы сауықтыру лагерлерінде спорт алаңдарын, балаларды дамыту орталықтарын жабдықтау, сондай-ақ, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша шараларды арттыру керек. Әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларды сауықтырумен, жазғы демалыспен барынша қамтуды қамтамасыз ету қажет. Бұл жұмысқа ірі кәсіпорындарды, бизнес өкілдерін тартқан жөн. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету біздің басты міндетіміз. Осыған орай, барлық лагерлерге полиция қызметкерлерін бекітіп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын қатаң жүргізуді тапсырамын. Мемлекеттік және жекеменшік жазғы сауықтыру лагерлерінде қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіліп, жазғы сауықтыру лагерлерін санитарлық талапқа сәйкес келтіру қажет, - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Ал оқушыларды лагерлерге тасымалдайтын автобустарға патрульдік полицияның арнайы автокөліктерімен ілесіп жүру жүзеге асырылады. Балалардың демалу кезеңінде полиция қызметкерлері лагерлерге бекітіліп, тәулік бойы кезекшілікке түседі.