Мәжіліс отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жоспар бойынша 42 су қоймасын салу, 37 су қоймасын реконструкциялау жоспарланған. Сонымен қатар, 14,5 мың км шақырым суару желілерін жөндеу мен реконструкциялау, автоматтандырылған есеп жүйелерін енгізу және 3,5 мың км арнаны цифрландыру көзделген.
Ақтөбе облысындағы Елек өзеніндегі су қоймасын реконструкциялау және бес жылға тоқтатылған Қызылорда су торабын жаңғырту аяқталды. Түркістан облысында “Бәйдібек ата” және “Қарақуыс” жаңа су қоймаларының құрылысы жүргізілуде. Батыс Қазақстан облысында алғаш рет Киров су қоймасы реконструкциялануда, – деді Бозымбаев.
Ислам даму банкімен ынтымақтастық аясында 3 су қоймасын салу және 2 су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 96 каналды 1,2 млрд доллар көлемінде күрделі жөндеу және автоматтандыру жұмыстары басталды.