Бүгін Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасында artsport мәселесі жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болып өтті, деп хабарлайды аймақтағы BAQ.KZ тілшісі.
Кеңесте облыстағы мемлекеттік органдардың өкілдері мен кәсіпкерлер өз пікірлерімен бөлісіп, жинақталған мәселелерді талқыға салды.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының деректері бойынша, аймақта Ел Президентінің тапсырмасы бойынша балаларды тегін шығармашылық үйірмелермен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде өткен жылдың бірінші мамырынан бастап шығармашылық үйірмелердің жан басына қаржыландыру тетігі енгізілді. Артынша artsport.edu.kz платформасы іске қосылған болатын.
Айта кетейік, осы жылдың басында мемлекеттік-спорттық тапсырысты жүзеге асыру барысында 4835 баланы қамтуға 700 млн теңге қарастырылған. Қазіргі кезде аrtsport.edu.kz ақпараттық жүйесінде 26 мыңнан астам бала тіркелген. Спорт секциясына қатысатын балалар – 25 697 адамды құрайды. Осы ретте қабылданған балалар саны күрт өскендіктен бөлінген қаражаттың сарқылуына әкелген.
Сонымен қатар, Түркістан өңіріндегі аталған бағдарлама небары екі ай жұмыс істегеннен кейін тоқтап қалған. Кәсіпкерлердің сөзінше, бағдарлама басынан бастап тиісті түрде жүйеленбеген және іске асыру тетігі реттелмеген. Нәтижесінде кәсіпкерлер өз қызметтері үшін ақы ала алмай отыр.
«Artsport жеткізушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі төрағасының орынбасары Гүлжан Түсибиянова кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың ақауларынан зардап шеккенін айтты. Оның айтуынша, дәл осы тақілеттес проблема өзге өңірлерде де кездескенін, алайда мәселені сотқа бермей шешкендерін құлағдар етті.
«Мен тек балалар үшін жасалған жобаның тамырына балта шабылды деп қана айтар едім. Республикада бұл жайтты Түркістан облысынан басқа барлық аймақтар бұл мәселені сотқа жеткізбей шешті. Егер аталған іс сотта қозғалса, кәсіпкерлердің жеңіп шығарына сенімім мол», - деді Гүлжан Түсібиянова.
Кеңеске ата-аналардың бастамашыл тобынан Ольга Аринбасарова, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, мемлекеттік органның өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
Мәселе талқыға салынғанымен, шешімін таппады. Қазіргі кезде экономикалық тергеу департаменті және аймақтың прокуратурасы бағдарламаның қалай іске асырылғанын тексеріп үстінде.