Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға облыс шаруаларына бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Жалпы алғанда бағдарламаға Түркістан өңірінен 2500 азамат қатыса алады.
Аталған жоба ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады. Өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар, - дейді Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов.
Бағдарламаға қатысып, несие алу үшін, өңір тұрғындары ауыл әкімдіктеріне өтінім береді. Несие алатындар зейнет жасынан аспауы қажет. Сондай-ақ кәсіпті ашу үшін оқыту жұмыстары да тегін жүргізіледі. Егер де несиесін толық жауып, кәсібін дамытатын болса, жеңілдетілген несиеге қайта қол жеткізе алады.
Жоба аясында жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, ал, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы елімізде 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.