"Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Әлемдік мәдени мұра ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету және зерттеуде жаратылыстану ғылымдарының әдістерін қолдану" тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Семинар жұмысына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, отандық және шетелдік, атап айтсақ Иран, Ресей, Өзбекстан елдерінің тарих, реставрация, сәулет өнерінің маман-ғалымдары, тарихи-мәдени мұраларды қорғау саласының және ғылыми-зерттеу ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында Орталық Азия ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету және зерттеу кезінде жаратылыстану ғылымдарының әдістерін қолдану, сақтау объектілеріне ішкі және сыртқы ортаның әсері, сондай-ақ ескерткіштердің сақталу жағдайларын ұзақ мерзімді қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің техникалық жағдайын зерттеу мақсатында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарының бірінші кезеңінің қорытындысы талқыланды.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүргізіліп отыр. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Орта Азиядағы теңдесі жоқ тарихи ескерткіш. XIV ғасырда Әмір Темір салған мемориалдық кешен, сол кездегі ең маңызды және құрылысы жақсы сақталған нысандардың бірі болып саналады, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген.