Түркістанда Аднан Мендерестің атына көше берілді

7 Мамыр 2022, 03:29
1580
Бөлісу:
Түркістанда Аднан Мендерестің атына көше берілді

Бүгін осы айтулы оқиғаға байланысты салтанатты жиын өтті. Оған Қазақстан мен Түркия және өзге де елдерден меймандар қатысты.  Атап айтсақ, Түркия Республикасы Дін істері басқармасының басшысы,  Бас мүфти Али Ербаш хазрет пен екі елдің зиялы қауым өкілдері болды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тарихи тұлға туралы баяндап, бауырлас Қазақстан мен Түркия байланысы тереңдеп келе жатқанына тоқталды. 

Біз бүгін қазақ-түрік арасындағы рухани байланысты нығайтуда маңызы жоғары болатын жиында бас қосып отырмыз. Өткен ғасырдың 50-жылдары отандастырымызға қамқорлық танытып, Түркияға көшуіне, орнығуына үлес қосқан Аднан Мендерестің есімін жаңғырту қос мемлекетке ортақ мүдде деп білемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласындағы көшелердің біріне Аднан Мендерестің есімін беру туралы тапсырма берген болатын. Тапсырма аясында заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып, біз бүгін сол көшенің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Түркістан – бір халықтың ғана емес, күллі Түркі елдерінің рухани ұстыны ретінде әспеттеледі. Сондықтан, қос елге ортақ тұлғаның атындағы бұл көшенің Түркістан қаласынан ашылуы – заңдылық. Сондай-ақ бұл бастама қазақ-түрік арасындағы достықтың одан сайын нығаюына жол ашады деп сенемін, – деді Өмірзақ Естайұлы.

Түркістанда Аднан Мендерестің атына көше берілді

Түркия Республикасы Дін істері басқармасының басшысы,  Бас мүфти Али Ербаш тұлғаға құрмет көрсеткен Қазақ еліне алғысын білдіріп, Түркістанның Түркі әлемінің орталығына айналып келе жатқанын атап өтті. Қос ел арасындағы бауырластық қарым-қатынас нығая түскенін, Түркістан төріндегі маңызды іс-шаралар Түркі әлемін біріктіруге серпін беретінін мәлімдеді.

Көшенің бойында жаңадан бой көтерген әкімшілік-іскерлік орталық, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандар, тұрғын үйлер және жаңа мектеп орналасқан.  Сонымен бірге саябақ пен мәдени нысандар да бар. 

Саяси қайраткер, Түркия Республикасының Премьер-Министрі қызметін атқарған Аднан Мендерестің қазақ халқына да сіңірген еңбегі мол. Ол  өткен ғасырдың 50-ші жылдары қазақтардың Түркияға қоныстануына себепкер болып, 4 жылға жуық созылған қоныс аудару процесіне қолдау көрсеткен. Тарихи тұлғаның 1952 жылғы қаулысынан кейін қазақтар Пәкістаннан Түркияға қоныс аудара бастады. Пәкістандағы қазақтардың алғашқы легі 1952 жылдың қыркүйек айында келсе, соңғы легі 1956 жылы түрік жеріне жеткен.

 

Өзгелердің жаңалығы