Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Түркістан облысында мемлекеттік қызметкер қатысқан резонансты оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған әлеуметтік желілерде кең тараған төбелес видеосы себеп болған.
Тексеру қорытындысы бойынша, 5 желтоқсанда Әдеп жөніндегі кеңес Түркістан облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы С.Жалықұлды атқарып отырған қызметінен босату түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Қарау барысында шенеуніктің орынсыз әрі қоғамға қайшы әрекеті, сондай-ақ моральдық-этикалық нормаларды бұзғаны анықталды. Әдеп жөніндегі кеңес мұндай мінез-құлық мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіреді деп бағалады.
Агенттік мұндай жағдайларға қатысты мониторингті өңірлердің бәрінде жалғастырып жатыр.