Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жетісай ауданының диқандары бау-бақша өсіруді мықтап қолға алып келеді.
Мәселен, Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты "Қарой" елді мекенінің тұрғыны 80 жастағы зейнеткер Алиев Әзімжан ақсақал өзінің иелігіндегі 10 гектар алқапқа қауын-қарбыз, жүзім, өрік секілді бау-бақшаларды еккен.
Соның ішінде ерекше атап өтетіні 2 гектар жерге интенсивті бақ өсірген. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметі жазды.
Ғұмырының тең жартысын медицина мен білім саласына арнаған, жоғары дәрежелі хирург Әзімжан ақсақал зейнетке шықса да еңбек етуден шаршамайды. Ташкент қаласында орналасқан Шредер атындағы ғылыми зерттеу институтында селекция жасалған баудағы алмалар мен шиелер Жетісайдың климатына икемделіп пісіп тұр.
Былтыр польшалық алмадан 2 тонна өнім алып, оны ауылдастарына тегін таратып берген. Биыл егілгеніне 4 жыл болған 200 түп шие ағаштары нышан көрсетіп жемісін беріп жатыр. Өз үйінде 20 тоннаға жуық көкөніс сақтайтын тоңазытқышы бар. Жиналған өнімдерді сонда сақтап, одан тиісінше қақ және тосап жасап немерелеріне жіберіп отырады. Баудан бөлек 3 гектар аумақтағы қауын-қарбызына қарап, тиісті шараларды тракторымен өзі жасай береді.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген қағиданы берік ұстанған Әзімжан ақсақал негізгі мақсатымыз - пайда табу емес, болашақ ұрпаққа пайдалы іске жарайтын мол мұраны қалдыру екендігін айтты.