Түркістан облысында сот 16 жастағы студент қызды зорлап өлтірген ер адамды өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қылмыс 2025 жылғы маусым айында жасалған.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушы Қазақстанға 2024 жылғы наурызда жұмыс іздеп келген. Ол Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында наубайшы болып жұмыс істеген.
2025 жылғы 6 маусым күні сағат 00.30 шамасында ер адам азық-түлік дүкенінде сатушы болып істеген кәмелетке толмаған қызға шабуыл жасаған. Ол оны зорлап, басқа да жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Содан кейін жәбірленушіні тұншықтырып өлтірген.
Сотталушының кінәсі сот сараптамалар қорытындыларымен, бейнематериалдармен және қылмыстық істегі басқа материалдармен толық дәлелденді. Сот үкімімен сотталушыға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушыдан жәбірленушінің өкіліне моральдық шығын ретінде 50 млн теңге өндіріп алынды, - деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.