Қабылданған шаралардың арқасында қар құрсауында қалған автокөліктерден 5000-нан астам адам құтқарылды және эвакуацияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жамбыл облысында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігінен, Қазавтожол, жергілікті атқарушы органдардан 450-ден астам адам және 230 бірлік техника жұмылдырылды. Сонымен қатар өзара іс-қимыл шеңберінде көмек көрсету үшін келген Қырғызстан ТЖМ-нің 42 құтқарушысы мен 8 бірлік техникасы тартылды.
Түркістан облысындағы авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға ТЖМ бөлімшелерінен, жол қызметтерінен, полициядан және жергілікті атқарушы органдардан 450-ге жуық адам мен 140 бірлік техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, Жетісу облысының жолдарында 70-тен астам адам құтқарылды.
Қазіргі уақытта Жамбыл, Түркістан , Абай және Жетісу облыстарындағы республикалық маңызы бар автожолдардың 5 учаскесінде және облыстық маңызы бар автожолдардың 4 учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабық.
Республикалық және өңірлік деңгейдегі жедел штабтардың жұмысы жағдай толық тұрақталғанға дейін жалғасатын болады.