Түркістан: Жаңа заңға сай 59 ауыл әкімі сайланады

9 Маусым 2021, 15:34
3216
Бөлісу:
Түркістан: Жаңа заңға сай 59 ауыл әкімі сайланады
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан халық саны мен бала туу көрсеткіші жағынан алда келе жатқан өңірлердің бірі. Тұрғындарының көптігіне қарай жергілікті аймақтарда 200-ге жуық ауыл округі бар. Яғни бүгінгі таңда нақтырақ айтсақ оңтүстік аймақта 181 ауыл әкімі бар деген сөз.

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 24 мамырда қол қойған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң 4 маусымда толықтай күшіне енді. Осыған орай, біз Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Данияр Шекербекұлынан өзгерістер енгізілген заң бойынша аймақта ауыл округі әкімдерін сайлауға қатысты қандай жұмыстар мен дайындықтар жүргізіліп жатқанын сұрастырдық.

Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін Президент, Парламент және мәслихат депуттарын сайлап келген ел азаматтары алдағы уақытта ауыл әкімдерін де сайлай алады. Яғни сайлаулар тізіміне биыл ауыл әкімдерін де сайлау қосылғалы отыр. Сайлау – дауыс беруші әрбір азаматтың таңдау құқын, еркін білдіретін демократиялық құрал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 24 мамырда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойып, ол 4 маусымда толықтай күшіне енді. Ал мұның алдын 2013 жылдан бері ауыл әкімдерінің сайлау «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару» заңының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерінің сайлаулары жанама түрде өткізіліп келген болатын.

– Заңға сонда қандай түзетулер енгізілді, қысқаша айта кетсеңіз.

– Ондағы негізгі түзетулерді айта кететін болсақ, ауыл әкімдеріне дауыс беру баршаға бірдей, тең және төте сайлау бойынша жасырын таңдау түрінде өткізіледі. Ауыл әкімінің сайлауына саяси партия бір сайлау округінде тек бір кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Ұсыну мерзімі аяқталатын күнге екеуден аз кандидат ұсынылса, тиісті аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін бес күннен аспайтын мерзімге ұзартады. Аудан әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу бойынша тиісінше екі не бір кандидат ұсынуға құқылы. Ауылдық округ әкімдігіне кандидат өзін өзі ұсынған жағдайда дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз дауысымен қолдауы олардың қолдарын жинаумен куәландырылады. Өзін өзі және аудан әкімдері ұсынған кандидаттар 42500 теңгеден сайлау жарнасын, ал саяси партиялардан ұсынылған кандидаттар – партиялардың қаражаттарынан төлейді.

Түркістан: Жаңа заңға сай 59 ауыл әкімі сайланады

– Түркістан облысында қанша ауыл әкімі сайлауға түседі деп жоспарлануда?

– 2021 жылдың екінші жарты жылдығына жоспарланған 59 ауыл округі әкімдерінің сайлауы жаңа заң талаптарына сай және төте жолмен өткізіледі. Сондай-ақ ауыл округтері әкімдерінің сайлауын аудандық, қалалық, аумақтық сайлау комиссиялары өз құзіреттері шегінде тағайындайды.

– Жалпы, аймақтардағы сайлау комиссиясының әкімдерді сайлауға дайындығы қандай?

– Жақында ауыл әкімдерінің жаңа талаппен өткізілетін сайлауына байланысты аудандық, қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бейнеконференцбайланыс режиміндегі мәжілісі өткізілді. Оған қосымша «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 24 мамырдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, қаулылар, нұсқаулықтар, оқу-әдістемелік кешендер барлық аудандық, қалалық аумақтық сайлау комиссияларына жұмыс барысында пайдалану үшін жіберілді. Әрине, біздің тарапымыздан дайындық әрдайым тиісті деңгейде атқарылуда, атқара береміз де. Бірақ, бір айта кетерлік жайт, дайындық ол тек сайлау комиссиясының ғана арқалаған жауапты жүгі емес, сайлаушылар да әр заң өзгерісін жіті қадағалап, белсенді қатысып отыруы қажет. Сонда ғана әкімдер сайлауын толық сезіне алады деп айта аламын. Десе де, соңғы кездері халықтың саяси тұрғыдан сауаты бұрнағы жылдардағыдай емес, ашылып келеді.

– Әкімдікке сайланатын тұлға сол жергілікті ауылдан шыққан азамат болуы міндетті ме?

– Жоқ ол дәл сол ауылдан болуы міндетті емес. Бұл әрине жергілікті азаматтарға ұнамауы мүмкін. Бірақ, сайлау заңына сәйкес ешқандай бұрмалаушылық пен кемшіліктерге жол берілмеуі тиіс. Біз сонда ғана демократиялық қоғам болып қалыптаса аламыз.

– Облыс бойынша қанша сайлау учаскесі бар, сонымен қатар сайлау комиссиясының құрамы қалай жасақталады?

– Сайлау комиссиясының құрамы облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттармен жасақталады. 2021 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған 59 ауыл округі әкімдерінің сайлауына 243 сайлау учаскесіндегі 1506 комиссия мүшесі қатысады. Сондай-ақ, заңнама тталаптарына сай 59 ауыл округі аумағындағы 324 ауыл мен шалғайдағы ауылдардың барлық тұрғынының сайлауға қатысуға толық құқығы бар.

– Сайлаушылар өз әкімін сайлауға қаншалықты белсенді қатысуы мүмкін?

– 2021 жылдың екінші жартыжылдығында 59 ауыл округі әкімдерінің сайлауы жаңа заң талаптарына сай, бір күнде төте жолмен 243 сайлау учаскесінде өткізіледі. Ал халықтың өз әкімін сайлауға деген құлшынысын сайлау кезінде берген дауыстың нәтижесіне қарап айта алатын шығармыз. Әзірге ондай болжамды алдын ала айта алмаймын. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 18 бабында учаскелік сайлау комиссияларының өкілеттіктері 10 тармақшада толық айтылып кеткен.

– Әкімдікке үміткердің саяси партияның мүшесі болуы міндетті ме?

– Әр саяси партиялар өздерінің мүшелерінен ауыл әкідігіне бір үміткерді ұсынуға құқылы және ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Ал кандидаттар бірдей дауыс жинаған жағдайда дауыс беру қайта өткізіледі.

Әкімдерді сайлау жергілікті халықтың санасына қаншалықты өзгеріс әкеледі, әкімдер сайлауы қажет пе? Күшіне енген «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» толықтырулар мен өзгерістер туралы заңға қатысты «Дос демеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанысбек Өтегенов ауыл әкімдерін сайлау өте қажет, бірақ оған бұрынғы сайлауда өткен қателіктер мен тәжірибелер қайталанбағаны дұрыс екенін атап өтті.

Түркістан: Жаңа заңға сай 59 ауыл әкімі сайланады

Сайлауға әдеттегідей жас ұрпаққа білім беріп жүрген мұғалімдерді араластырмағаны дұрыс. Оған қоса, «Педагог мәртебесі туралы» заң да шықты ғой. Сондай-ақ, сайлау комиссиясында әртүрлі саяси партиялар болумен қатар бірнеше қоғамдық ұйымдар болу керек. Кезінде өзім де бірнеше рет облыстық мәслихатқа кандидат болып бекітілгенмін. Алайда зейнетақы алатын банкомат карточкамда 633 теңге қарызым қалып кеткен екен, ол ойымда да жоқ. Соны маған «мемлекеттен жасырдыңыз» деп кандидат тізімінен шығарып тастаған болатын. Мен ғана емес, біраз азаматтарды шығарып тастады. Ауыл әкімін сайлар кезде де осындай көріністер орын алмаса деп ойлаймын. Бір кездері 24 мыңға жуық сайлаушысы бар округке бақылаушы болып отырғанымда дауыс беруге 1500 сайлаушы ғана келді. Әкімшілік сол кезде мектеп пен балабақшаның қызметкерлерін алып келді. Сол себепті, халық өз әкімін біреудің күштеуінсіз, өз еркімен таңдауға белсенді қатысса деймін. Көп адам «Біз келгенімен өзгермейді, даусымыз ештеңе шешпейді» деп ойлайды. Алайда халық сайлауға келсе, өз даусын талап етсе бұлай болмас еді. Ауыл әкімін сайлау дұрыс қадам, керек. Бірақ өзге ауданнан, ауылдан шыққан адамды басқа ауылға әкім етіп қою халықтың наразылығын тудырады деп ойлаймын. Әкім болуға сол өз туған жерінен неге бір адам шығып, сайланбасқа? Сондықтан сайлауда әкімдер өз ауылынан таңдап алынғаны жақсы. Сайланбалы жолмен келген соң әкім де ел алдындағы жауапкершілігін сезінеді, - деді Жанысбек Өтегенов.

 


Өзгелердің жаңалығы