Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар жалғасуда. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарында наурыз көже берілді.
Алдымен Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамбылова бастаған аналар қауымы «Қылует» рухани орталығына барды. Биыл ел игілігіне берілетін рухани нысанда 100-ден аса құрылысшы еңбек етуде. Орталықта медресе, қарилар дайындайтын мекеме, қызметтік үй болмақ. Іс-шара барысында құрылыс нысанындағы жұмысшыларға наурыз көже беріліп, ыстық палау мен бауырсақ үлестірілді.
Шамшырағы қайта жанған Түркістан шаһарында бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Жалпы қаламыздың аумағында 200-ден астам нысан салынып жатыр. Бұл ретте құрылысшылардың еңбегі ерен. Оларға қала тұрғыны ретінде алғыс білдіреміз. Қаймана қазақ үшін наурыз көженің орны бөлек. Наурыз көжеге қосылатын түрлі дәм молшылықтың, тоқшылықтың, сәттіліктің, байлықтың, бақ пен берекенің белгісі саналады. Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге құт-береке ала келсін. Ұлыс оң болып, әрбір күніміз Наурыз күніндей шуақты болсын! – деді Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамбылова.
Іс-шара барысында құрылыс алаңында асық атудан сайыс өтіп, үлкен-кіші демей белсене қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен арнайы Наурыз кәдесыйлары табысталды.
Мерекелік іс-шара жаңа қала аумағындағы «Nur-Sultan city» тұрғын үй кешенінде жалғасты. Бұл игі іске облыстық ҚХА жанындағы Сауран аудандық Аналар кеңесі мен Кентау қалалық Аналар кеңесінің мүшелері ұйытқы болды. Аталған тұрғын үй кешенінде 100-ден аса құрылысшы Түркістанды түлетуге өзіндік үлесін қосып жатыр. Гүлденген шаһардың көрікті тұрғын үйлеріне қолтаңбаларын қалдырып, рухани астананың болашағына серпін беруде.
Жалпы бүгінгі шара аясында облыс орталығында жұмыс істеп жатқан 200-ден аса құрылысшы наурыз көжеден дәм татып, алғыстарын айтты. Мерекелік көңіл күйге бөленген құрылысшылар барша түркістандықтар мен қонақтарды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады.