Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан қаласында «Үздік педагог-2020» байқауының ІІ кезең жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, байқау жеңімпаздары қатысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің орынбасары марапат иелерін құттықтап, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Сонымен қатар, үздік ұстаздарды оқушыларға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында қажырлы еңбек ете берулеріне тілектестік білдірді.
Байқаудың республикалық кезеңіне Түркістан облысының педагогтары арасынан іріктелген 11 ұстаз қатысты. Сайыс нәтижесінде республикалық кезеңге өткен ұстаздардың үшеуі «Үздік педагог» атанып,қомақты сыйлықтармен марапаталды. Бүгін республикалық жарысқа қатысқан өзге 8 мұғалімге Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы тарапынан арнайы сыйақы мен облыстың «Үздік педагог» куәлігі табысталады. Марапаттарыңыз құтты болсын, ұлағатты ұстаздар, - деді Сәкен Амангелдіұлы.
Марапатқа ие болған мұғалімдерді облыс әкімінің орынбасары арнайы құттықтап, әрқайсысына 850 000 теңгенің сертификатын табыстады.