Түркістан облысының тұрғынынан 25 келіден астам есірткі табылды

11 Қыркүйек 2023, 20:51
937
Бөлісу:
Түркістан облысының тұрғынынан 25 келіден астам есірткі табылды
Фото: polisia.kz

Көлік полицейлері Түркістан облысының тұрғынынан 25 келіден астам есірткі тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

4 қыркүйек күні Тараз станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу барысында, Боранды станциясының жүк вагонында Түркістан облысының 35 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Тексеру кезінде одан спецификалық иісі бар, жасыл түсті өсімдік тектес зат салынған жол рюкзагы тәркіленді. 

Сот-сараптамалық зерттеудің қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 25 келі болатын аса ірі мөлшердегі кептірілмеген марихуана есірткі заты болып шықты. Ұсталған азамат есірткінің ірі партиясын жүк пойызымен Шымкент станциясына дейін тасымалдамақшы болған. 

Аталған факті бойынша ҚР ҚҚ-нің 296-бабының 4-бөлігі ( Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта ұсталған азамат Тараз қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы