ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Инвестициялық штаб отырысында Негізгі кәсіпорындарды жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және инновациялық өндірістерді дамытуға бағытталған инвестициялар туралы келісімдердің негізгі талаптары қаралып, мақұлданды.
«Qarmet» АҚ-мен Инвестициялар туралы келісім мақұлданды. «Qarmet» АҚ 2024 жылы компания өзінің инвестициялық міндеттемелерін орындау шеңберінде жоғары қайта бөлу кластерлерін құру үшін зауытты жаңғыртуға және инфрақұрылымды дамытуға $1,3 млрд инвестициялады.
Бұл ретте, ұзақ мерзімді стратегия шеңберінде кәсіпорын 2028 жылдың соңына дейін инвестициялық жобаларды іске асыруға $3,5 млрд бағыттауды жоспарлап отыр. «Qarmet» АҚ зауытын жаңғырту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды қадам болмақ.
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында «Ultradecor Trading Kazakhstan» ЖШС бағдарланған жоңқа және ламинатталған ағаш-жоңқа тақталарын шығаратын зауыт салу бойынша инвестициялар туралы келісім жасасу мақұлданды. Жобаны іске асыру өңдеу өнеркәсібін дамытудың мультипликативтік әсерін тудырады және экономикаға шамамен 82 млрд теңге инвестиция әкеледі.
Сондай-ақ Түркістан облысындағы Өгем өзенінде су электр стансалары каскады бар су құбырын салу жобасы мақұлданды. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 190 млрд теңгені құрайды.
Жобаның мақсаты – Түркістан облысының 1 млн-ға жуық тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Жоба сонымен қатар өңірдегі электр энергиясының тапшылығын жабуға, санитарлық-гигиеналық жағдайларды және жергілікті халықтың жалпы өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Бұл бастамалар заманауи технологияларды енгізуге, жоғары ақы төленетін жұмыс орындарын құруға және ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетінің сенімді дамуын көрсетеді.