Түркістан облысындағы мақта зауытында 170 тонна мақта өртенді

Өрт 242 шаршы метр аумақты шарпыған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, өрттің себебі анықталып жатыр.

 pixabay.com 17 Қазан 2026, 20:55
17 Қазан 2026, 20:55
148
Фото: pixabay.com

Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мақта өңдеу зауытының аумағында шыққан өрт сөндірілді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жалпы салмағы 170 тонна болатын мақтаның төрт үйіндісі өртенген.

Кәсіпорын Жетісай – Атакент автожолының бойында орналасқан. Ашық алаңда тұтанған өрт 242 шаршы метр аумақты шарпыған. Зауыт аумағында барлығы 700 тонна мақта болған.

Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушыларының жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында өрт толық сөндірілді, – деп хабарлады ведомство.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Наверх