Түркістан облысында Жаңа жыл түні "102" арнасына 400-ден аса қоңырау түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген күн тәртібімен қызметке түсті. Патрульдік нарядтардың саны көбейтіліп, қызмет көрсету маршруттары белгіленді.
Азаматтардың жаппай жиналатын орындары мен ойын-сауық орталықтары бақылауға алынды. Тәртіп сақшыларының жұмысы нәтижесінде өңірде жаңа жыл түні өтті. Облыс көлемінде аса ауыр қылмыс мүлдем тіркелмеді. Оқыс оқиға болмады, - делінген хабарламада.
Жалпы "102" арнасына 424 хабарлама келіп түсіп, дер кезінде полиция тарапынан шара қабылданды. Оның ішінде жол қозғалысы, түн тыныштығын бұзу, қоғамдық орындарда масаң күйде жүру, тағы басқа да құқық бұзушылықтар туралы шағымдар болды.
Осылайша жылдың алғашқы тәулігі тыныш өтіп, мерекелік көңіл-күй сақталды.