Бүгін Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласында заманауи талапқа сай 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Өрт сөндіру депосының құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталған болатын. Тапсырыс беруші – Түркістан облысының әкімдігі. Құрылыс жұмыстарын «АвтоРемСтрой» ЖШС-гі жүргізген. Конкурстық құны – 538,9 млн теңге.
Жаңа өрт сөндіру депосының ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Ерлан Нұрпейісов арнайы келді. Ол өрт сөндіру қызметкерлерін жаңа ғимаратпен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ аудан әкімі Төлеген Телғараев, мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі табиғи апат немесе қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамау салдарынан туындайтын өрттермен бетпе-бет келіп, қаһармандықтың үлгісін көрсетіп жүрген азаматтарды жаңа қоныстарымен құттықтады.
Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласында 1 өрт сөндіру бөлімі, 2 сөндіру бекеті жұмыс істейді. Өрт сөндіру бекеттері Зағамбар және Көксәйек елді мекендерінде орналасқан. Жалпы қызметкерлер саны – 94. Мұнда 8 заманауи өрт сөндіру техникасы мен 3 арнайы техника бар, - деп жазды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.