Түркістан облысында жаңа мақта сорты өсіріледі

2 Тамыз 2023, 22:47
999
Бөлісу:
Түркістан облысында жаңа мақта сорты өсіріледі
Фото: Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметі

Мақтаарал ауданы экономикасының негізгі драйвері - ауыл шаруашылығы. Биыл жергілікті диқандар 61 мың гектар жерге егін екті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның ішінде 36,3 мың гектары мақта дақылы. Мақта дақылынан алынатын өнімділікті және сапасын арттыру мақсатында Өзбекстандық «Globаl Textile» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, алғаш рет жаңа «Намаган-77» тұқымдық шит егілді.

Биыл бұл компания Мақтаарал ауданында өзінің мақта қабылдау пункттерін ашып, 10 мың гектар алқаптан шикізат қабылдау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мақта қабылдау зауыттарымен қоса мақтаны терең өңдеу фабрикаларын салу жоспарлануда.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Мақтаарал ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды нысандардың жай-күйімен танысты. Жаңа «Намаган-77» мақта сортын өсіруге кіріскен шаруалармен кездесті. Атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Жаңа сортты айналымға енгізу арқылы мақтаның аса қауіпті зиянкестеріне қарсы өңдеу шығыны азайып, мақта өнімділігін арттыра отырып, қосымша табысты арттыруға болады.

Мақтааралға іссапарында өңір басшысы «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болып, тәжірибе орталығының жұмысымен танысты. Ғалымдармен жүздесті. Облыс әкіміне мақта кластерін дамыту, сапасын арттыру барысындағы жұмыстар мен элиталық тұқымдық шит, бәсекелестікке қабілетті отандық мақта сорттары таныстырылды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Аталған саланы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды екенін айтқан Дархан Сатыбалды ең алдымен мақта сұрпының сапасын жақсарту керектігін атап өтті.

Облысымызды өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу бағытына күш салу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен бірге, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Сондай-ақ облыс басшысы Мақтаарал ауданындағы коммуналдық меншіктегі К-20 каналына барды. Су арнасы 10 мың гектардан астам алқапқа ағын су жеткізеді. Каналдың жалпы ұзындығы 27 шақырым. 91 ішкі жүйесі толықтай қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта каналдың 5 шақырым бөлігінің бетондары жармасыз күйге түсіп, артық су қабылдай алмайды. Бұл өз кезегінде вегетациялық маусым кезінде ағын су тапшылығына әкеледі. Осыған орай К-20 каналын толықтай бетондау қажет. Каналды мемлекет меншігіне өткізу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы