Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Түркістан облысында заманауи көпфункционалды спорт кешені ашылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде бұқаралық спортты және спорттық инфрақұрылымды дамыту үшін жағдай жасаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Осы тапсырмалар аясында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Сауран ауданының Ораңғай кентінде жалпы ауданы 1800 шаршы метр болатын кешен ашты.
Мықты және дені сау жас ұрпақты тәрбиелеу - еліміздің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Біздің ауданда жаңа заманауи спорт ғимараттары мен кешендердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Салауатты өмір салтын насихаттау бастамасын қолдаймыз, - деді Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков кешеннің ашылу салтанатында.
Қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа спорт кешеніне мини-футбол, волейбол, баскетбол және теннис алаңдары, күрес кілемі, бокс рингі және екі жолақты жүгіру жолдары кіреді. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін шешінетін бөлмелер мен жанкүйерлердің жылжымалы трибуналары орнатылды. Сондай-ақ кешен барлық қажетті құрал-жабдықпен жабдықталған. Атап айтқанда, шағын футбол, баскетбол доптары, теннис ракеткалары және шарлар бар.
Спорт кешені ауа райына қарамастан жыл бойы жұмыс істейді. Бұл екі қабатты ауа өткізбейтін мембранамен жабылған, анкерлік жүйенің көмегімен негізге бекітілген, сорылатын және сығылған ауамен қамтамасыз етілген спорт алаңы. Бұл дизайн қыста жылуды және жазда салқындықты сақтауға мүмкіндік береді.
Кешенде мәдени-бұқаралық іс-шаралар мен түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар өткізу жоспарланып отыр.
Бұған дейін Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту үшін «Samruk-Kazyna Trust» қоры 5 әмбебап балалар спорт алаңын орнатқан болатын.